Ақтөбеде патрульдік полиция батальонының инспекторлары суицид жасамақ болған әйелдің өмірін аман сақтап қалды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Azattyq Ryhy сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 14 қазанда болған. Полицияға ер адам хабарласып, әйелі қоштасу хат жазып, өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін айтқан. Сол сәтте ол жұмыста болғандықтан, тәртіп сақшыларына дереу жүгінген.Хабар түскен бойда оқиға орнына патрульдік полиция инспекторлары Темірбек Сабит пен Танбай Орынбасарұлы жетіп, арқанға асылмақ болған әйелді дер кезінде тауып, аман алып қалған. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлерге тапсырған.
«Біздің ең басты міндетіміз адам өмірін сақтау. Күн сайын түрлі жағдайларға тап боламыз, бірақ ең маңыздысы бейжай қарамау», – деді инспектор Темірбек Сабит.
Полицияның жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында әйелдің өмірі сақталып қалды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Белгілі болғандай, отбасында төрт бала өсіп келеді.