Ақтөбеде жалған террорлық хабарламаның авторы қолға түсті. Тергеу нәтижесінде бұл әрекетті 14 жастағы сегізінші сынып оқушысы жасағаны белгілі болды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
Оқиға 22 қазанда басталған. Күдікті «1414» қызметіне қоңырау шалып, микроаудандардың біріндегі мектепке жарылғыш зат қойылғанын айтқан. Бұл хабар жедел қызметтердің барлығын дүрліктіріп, оқушылар толық эвакуацияланды. Полицейлер, кинологтар және арнайы мамандар ғимаратты тексергенімен, ешқандай жарылғыш құрылғы табылмады.
Арада көп өтпей сол нөмірден тағы бір жалған қоңырау түсіп, бұл жолы тұрғын үйдің жарылуы мүмкін екені хабарланған. Оқиға орнына дереу полицейлер мен мамандар жіберіліп, тексеріс жүргізілді. Бірақ тағы да күдікті зат анықталған жоқ.
Бір айға жуық іздеу жұмыстарының нәтижесінде қоңыраулардың иесі табылды. Ол мектеп оқушысы. Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, материалдар тергеуге жолданды.
Полиция мұндай әрекет «әзіл» емес, ауыр қылмыс екенін ескертті. Терроризм туралы жалған ақпарат беру ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша жауаптылыққа әкеледі. Құқық қорғаушылар ата-аналарды балаларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, олардың іс-әрекетіне бақылауды күшейтуге шақырды.Ал осы күндері білім беру ұйымдарына қатысты тағы бір алаңдатқан анонимді хабарламаның авторы әлі анықталған жоқ.