Қоғам

Ақтөбеде жылқы ұрлады деп айыпталған қария баспаналы болды

Ақтөбеде жылқы ұрлады деп айыпталған қария баспаналы болды

Ақтөбеде 100 жылқы ұрлады деген айыппен соттала жаздаған Рахат Сәрсенов баспаналы болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай желідегі парақшасында бөлісті.

«Ардақты ағайын, араға екі ай салып, жылқышы Рахат Сәрсеновпен қайта жолықтым. Бұл жолғы кездесу көңілге қуаныш, бойға ерекше қуат сыйлады. Себебі Рахат аға отбасымен бірге жаңа пәтерге қоныстанды! Ал баспананы сыйға тартқан – ақтөбелік кәсіпкер. Қиын сәтте қолдау көрсетіп, бір отбасының қуанышына себепкер болған Азамат мырзаға алғысымыз шексіз! Одан бөлек, ағамыздың денсаулығы да едәуір жақсарып қалыпты. Мұны көріп, шын жүректен қуандым! Қиналғанға қол ұшын созып, сүрінгенге сүйеу болар азаматтарымыз көп болсын! Жақсылық жасап жарысайық, ағайын!» – деп жазды Руслан Өтепбай.

Еске сала кетейік, Рахат Сәрсенов 33 жыл бойы  жылқышы болып еңбек еткен. Алайда оған Тәжіғали Елеуов жылқы ұрлады деген айып тағып, бірінші сатыдағы сот 7,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Үкім жарияланған күні қария сот залында қамауға алынып, екі айдан астам уақыт тергеу изоляторында болған.

Айта кетейік, бірінші сатыдағы сот үкімі биыл 15 мамырда шыққан болатын. Кейін апелляциялық сот оны толық ақтап, бостандыққа шығарды.

 

Барлық жаңалық