Ақтөбеде 46 жастағы әйелді ұрып, аяусыз соққыға жыққан ер адам 6 жылға сотталды. Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Ардақ Ерубаева мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, сотталушы бұған дейін де бірнеше рет қылмыс жасаған. Белгілі болғандай, жәбірленуші сотталушыны мүлде танымайды. Әйел жаңа үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Айтуынша, ер адам құрылыс қоқыстарын ақысыз шығарып берейін деп сеніміне кірген.
«Сотта ол ҚК-нің 120-бабы — “Зорлау” және 107-бабы — “Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру” айыптары бойынша кінәлі деп танылды», — делінген жазбада.
Жәбірленушіні ұрып, тұншықтырып, тамағына бұрауыш тығып, дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынасқа түскен.
Сотталушы түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.