Ақтөбеде «Жаңа адамдар» қозғалысының «Заң» азаматтық кампаниясы кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатумен күресті жалғастырып келеді. Белсенділер жүргізген кезекті рейд барысында «СӘТ» атты дүкенде заң бұзушылық анықтады деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Тексеру кезінде сатушы құжат сұрамай, жасөспірімге қатты алкоголь өнімін сатқан. Бұл сәт видеоға түсіріліп, дәлел ретінде тіркелген. Диалог кезінде сатушы өз қателігін мойындап, бұдан былай сатып алушылардың жасын тексеруге уәде берген.Алайда, бір айдан кейін белсенділер сол дүкенге қайта барып, заң бұзушылықтың қайта қайталанғанын анықтаған. Бұл жолы алкогольді тікелей дүкен иесі Мұслим Құжақовтың өзі сатқан.
Белсенділер заңсыз әрекетке бейжай қарамай, дүкен алдында «Балаларға алкоголь сатуға қарсымыз» деген жазуы бар плакаттармен шықты. Алайда, дүкен иесі агрессия танытып, белсенділерге тіл тигізіп, қорқыту әрекеттерін жасаған. Ол тіпті құқық қорғау қызметкерлері келгенде де есікті жауып, ішке кіргізбеген.
Барлық процесс видеоға түсіріліп, полицияға ресми түрде жолданды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары бұл іске қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Полина Рожкова бұл жағдайға қатысты пікір білдірді:
«Мұндай адамдарды не итермелейді табысқа құмарлық па, әлде “менің аулам – менің ережем” деген менмендік пе? Кәмелетке толмағандарға алкоголь сату бұл жай ғана құқық бұзу емес, бұл жауапкершіліктен бас тарту. Егер қоғам үнсіз қалса, ешқандай тексеру де, айыппұл да көмектеспейді. Бұл мәселе бәріміздің ортақ қатысуымызды қажет етеді», – деді ол.
Белсенділердің айтуынша, «Заң» кампаниясы рейдтерін жалғастыра береді. Мақсат қала тұрғындары мен кәсіпкерлер арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
«Заң мен тәртіп мәдениеті әр адамның жеке таңдауынан басталады. Біз өзімізден бастау арқылы ғана қоғамды өзгертеміз: бейжайлыққа негізделген қоғам ба, әлде өзара құрмет пен ережеге сүйенген қоғам ба оны әрқайсымыз шешеміз», – деп түйіндеді белсенділер.