Жаңалықтар

Ақтөбеде бұрынғы сүйіктісін интимдік видеомен бопсалаған азамат ұсталды (ВИДЕО)

Ақтөбеде бұрынғы сүйіктісін интимдік видеомен бопсалаған азамат ұсталды (ВИДЕО)

Ақтөбе қаласында бұрынғы сүйіктісін интимдік бейнежазбамен қорқытқан ер адам құрықталды. Ол қызды аса құпия түрде жасырын камераға түсіріп алған. Осыдан кейін әлгі кадрларды жұртқа таратамын деп бопсалауға көшкен. Күдіктінің мұндай әрекетке неліктен барғаны әзірге беймәлім. Оның қыздан ақша талап еткені немесе ескі сезімді қайта оятқысы келгені нақты белгісіз, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Kozachkov offside телеграм арнасына сілтеп.

Алайда ер адамның бұл пиғылы жүзеге аспады. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 38 жастағы азаматты жедел түрде ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын жеткізді. Іс адамның жеке өміріне қолсұғылмаушылықты бұзу бабы бойынша қаралып жатыр. Құзырлы орган өкілдері күдіктінің басқа да осындай заңсыз әрекеттерге қатысы бар немесе жоқ екенін жіті тексеруге кірісті.

Тәртіп сақшылары кез келген адамның жеке өміріне қатысты мәліметтерді таратқаны үшін қатаң жаза бар екенін еске салады. Тіпті осындай ақпаратты жариялаймын деп қорқытудың өзі заң алдында жауап беруге әкеп соғады.

Барлық жаңалық