Қоғам

Ақтөбе облысында екі жұмысшыны күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті

Ақтөбе облысында екі жұмысшыны күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында бензин құю кезінде өрт шығып, «ҚТЖ»-ның екі жұмысшысы ауыр күйікпен жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оқиға 13 қазанда Қорғаныш орман екпелері дистанциясының өндірістік учаскесінде болған. Жұмысшылар 200 литрлік бөшкеде қалған АИ-92 бензинін басқа ыдысқа құйып жатқанда, кенеттен өрт шыққан. Екеуі де түрлі дәрежеде күйік алған.

Зардап шеккендердің бірі Жұбандық Дүйсенбаевтың денесінің 80 пайызы күйген. Қызы Алмагүл Қасымованың айтуынша, отбасы оқиға туралы бірнеше сағаттан кейін ғана білген. Ол әкесінің жүргізуші болып жұмыс істейтінін айтып, бензин құю тапсырмасы оның міндетіне кірмейтінін жеткізді.

"Қазір әкем өмірі үшін күрес жүріп жатыр. Бүкіл отбасымыз оның сауығып кетуін тілеп, дұға етіп отырмыз. Бізде басшылыққа қоятын сұрақ көп. Адам өміріне қауіп төнетін нысанда неге қажетті қауіпсіздік шаралары сақталмаған? Неге жүргізуші болып жұмыс істейтін әкем бензин құюға тиіс болған? Бұл жұмыс оның тікелей лауазымдық міндеттеріне кірмейді. Оған бұл тапсырманы кім берген? Қызметкерлерге берілетін тапсырмалардың заңдылығы мен қауіпсіздігі тексерілуі керек деп санаймыз", – деді зардап шеккен жұмысшының қызы Алмагүл Қасымова. 

Қазір екі жұмысшы да Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тергеу басталды. Он жұмыс күні ішінде өрттің себептері мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тексеріледі.

Барлық жаңалық