Бүгін Ақтөбе гарнизонында мерзімді қызметтегі жас сарбазды ұрып-соққан сержант жазасын алды. Әскери сот оны бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл әскери бөлімдегі алғашқы дау емес. Бұған дейін дәл осы гарнизонда басқа сержант сарбаздарды сабап, оларға темекі тұқылын жегізгені үшін айыпталған болатын. Ол кезде әскери прокурорлар ешкім ауыр жарақат алмағандықтан жаза жеңіл болғанын түсіндірген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл жолы сотталушы өзіне бағынышты жауынгерге орташа ауырлықтағы дене жарақатын салған. Тергеу органы оған Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігі бойынша айып тақты. Яғни билікті және өкілеттікті асыра пайдалану дерегі тіркелді. Мемлекеттік айыптаушы соттан кінәліні темірторға қамауды сұрады. Жәбірленуші де заң аясында қатаң жаза тағайындап, шағымын толық қанағаттандыруды талап етті.
Алайда сержант өз кінәсін мүлдем мойындаған жоқ. Ол өзін ақтап шығуды сұрап, азаматтық шағыммен ішінара ғана келісті. Тек жәбірленушінің адвокатқа жұмсаған шығынын өтеп беруге дайын екенін білдірді. Дегенмен сот оның кінәсін толық дәлелденген деп тапты. Бұған сот-медициналық сараптама қорытындысы, куәгерлер мен сарапшының және жәбірленушінің тікелей жауаптары негіз болды.
Сот шешімімен әскери қызметкер бір жылдық жазадан бөлек қомақты қаражат төлеуге міндеттелді. Жәбірленушінің моральдық шығыны үшін 700 000 теңге өндірілді. Сонымен қатар заңгер қызметіне кеткен 900 000 теңге көлеміндегі сот шығыны да айыпталушының мойнына ілінді. Әзірге бұл үкім заңды күшіне енген жоқ.