Жаңалықтар

Ақтаудан Алматыға ұшқан рейсте медицина қызметкері адамның өмірін аман алып қалды

Ақтаудан Алматыға ұшқан әуе рейсі кезінде бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, оның өмірі қыл үстінде қалды. Абырой болғанда, ұшақта Маңғыстау облысындағы медициналық колледждің оқытушысы Сапархан Жанабаева болған, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтемемен.

 

Оқиға 7 қазан күні орын алған. Сапархан Жанабаева студенттерімен бірге Алматыда өтетін республикалық «MedSkills Zhetysu-2025» байқауына бара жатқан. Ұшақ әуеде болған сәтте бортсерік:

 

«Егер ұшақта медицина қызметкерлері болса, шақыру батырмасын басыңыздар», – деп хабарлаған.

 

Сол сәтте оқытушы дереу көмекке ұмтылған. Ер адамның жағдайы ауыр болған: қан қысымы төмендеп, демі қысылып, жүрек талмасы белгілері байқалған. Сапархан Жанабаева экипаждың дәрі қобдишасын пайдаланып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Оның жылдам әрекетінің арқасында жолаушының жағдайы тұрақтандырылып, ұшақ Алматыға қауіпсіз қонған соң, ер адам дәрігерлерге тапсырылды.

 

– «Мен өзімді батыр санамаймын. Әрбір медицина қызметкері кез келген жағдайда – жерде де, әуеде де – алғашқы көмек көрсете білуі керек», – дейді Сапархан Жанабаева.

 

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар бортсеріктердің алғашқы көмек көрсету дағдыларын жетілдірудің маңызын дәлелдейді.

 

Бұл оқиға – қарапайым адамдардың батылдығы мен кәсібилігінің арқасында адам өмірі қалай сақталып қалатынының айғағы.

Барлық жаңалық