Ақтау қаласындағы Каспий теңізінде адам өміріне қауіп төнген оқиға тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел құтқару жасағы су айдынында екі азаматты аман алып қалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тұрғындарды сапборд тақтасымен жүрген сәтте күшті ағыс теңіздің тереңіне қарай айдап әкеткен. Мамандар бұл жағдайды судағы қауіпсіздікті қадағалау мақсатында жүргізілген алдын алу шаралары кезінде байқап үлгерді.
Оқыс жағдай шаһардың 4А шағын ауданы тұсында болған. Зардап шегушілер жағалаудан шамамен 500 метрдей қашықтықта су ортасында қалып, көмек сұрап айқайлаған. Шарасыз күйде қалған жандарға құтқарушылар дер кезінде жетіп, қауіпсіз жерге шығарды.