Ақтау қаласында 13 жастағы мектеп оқушысын зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы #НеМолчиKZ қоғамдық ұйымы мәлімдеді, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Ұйым таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында болған. Жәбірленуші қыз бала мектептен кейін бірнеше рет жасөспірімдер тарапынан қысым көрген.Қыз бала ұрып-соғуға ұшырап, қорланған, сондай-ақ оқиға бейнежазбаға түсірілген.Алғашында отбасы бұл жағдайды мектептегі әлімжеттік деп қабылдаған.Болған жағдайдан кейін жасөспірімнің психологиялық жағдайы күрт нашарлап, ол қазір үйде оқуға ауыстырылған. Қыз бала медициналық және психологиялық көмек алып жатыр. Қоғамдық ұйым өкілдері оның ұзақ уақыт бойы ауыр күйзеліс жағдайында болғанын атап өтті.
Баланың анасы аталған дерек бойынша 2024 жылдың қыркүйегінде полицияға және Маңғыстау облысының прокуратурасына арызданған. Алайда, қоғамдық ұйымның мәліметінше, тергеу жұмыстары баяу жүргізілгеніне байланысты алаңдаушылық туындап отыр.Осыған байланысты #НеМолчиKZ өкілдері істі ерекше бақылауға алуды сұрап, тиісті мемлекеттік органдарға жүгінген.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 4-бөлігі бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес жарияланбайды», — делінген полиция хабарламасында.
Аталған қылмыстық іс Полиция департаменті басшылығының бақылауында.