АҚШ билігі 2024 жылдың 1 қазанынан бастап жаңа visa integrity fee деп аталатын алымды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өзгеріс қабылданса, туристік, студенттік, жұмыс және өзге де иммиграциялық емес визалардың құны қазіргі 185 доллардан 435 долларға дейін өседі, деп жазады Ozgeris.info.
Reuters агенттігінің жазуынша, жаңа тәртіп аясында B1/B2 (туризм және іскерлік сапарлар), F-1 (оқу), J-1 (алмасып оқу бағдарламалары) және H-1B (жұмыс) визаларына өтініш берушілер қосымша 250 доллар көлемінде төлем жасайды. Егер виза талаптары толық сақталса, бұл қаражат өтініш берушіге қайтарылады.
Қазіргі уақытта АҚШ визасы үшін тек 185 доллар консулдық алым төленеді. Ал жаңа алым енгізілген жағдайда, оның құны 435-ке жетіп, әлемдегі ең қымбат визалардың біріне айналуы мүмкін. Бұған дейін бұл өзгерістерді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланған болатын, алайда мерзім ілгері жылжытылды.
Жаңа алым ең алдымен Мексика, Аргентина, Бразилия, Үндістан және Қытай азаматтарына ауыр соқпақ. Бұл елдерден АҚШ-қа ең көп турист баратындықтан, өзгерістің әсері айқын сезіледі.
Мәселен, биыл Үндістаннан баратын туристер саны 2,4%-ға азайған. Қытайдан келушілердің көрсеткіші пандемиядан кейін әлі де қалпына келмеген. Жалпы алғанда, шілде айында АҚШ-қа келген шетелдік туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға төмендеген.
АҚШ билігі бұған дейін 2025 жылы туристер саны пандемияға дейінгі деңгейден (79,4 млн адам) асып түседі деп болжаған еді. Алайда соңғы мәліметтер бұл жоспардың орындалуы екіталай екенін көрсетіп отыр.
Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің болжамынша, 2025 жылы АҚШ-та шетелдік туристердің жалпы шығыны 169 млрд доллар шамасында болады. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы деңгейден (181 млрд доллар) төмен.
Соған қарамастан, президент Дональд Трамп әкімшілігі көші-қон саясатын қатаңдату шараларын жалғастыруда. Атап айтқанда, студенттік және журналистік визалардың мерзімін шектеу ұсынылған. Бұдан бөлек, туристік визалар 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепілдік жарна арқылы берілуде. Бұл қаражат талаптар толық орындалған жағдайда өтініш иесіне қайтарылады.