Ақмола

Ақмола облысында жаңа Dara Resort экопаркі ашылды

Ақмола облысында жаңа Dara Resort экопаркі ашылды

Ақмола облысында Республика күні қарсаңында жаңа Dara Resort экопаркі ашылды. Жоба өңірдегі ішкі туризмді дамытуға және тұрғындар мен қонақтардың табиғат аясында демалу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жаңа демалыс орны Целиноград ауданының Аққайың ауылында орналасқан. Экопарктің ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.

Әкімдік мәліметінше, нысан техникалық режимде жұмысын бастаған сәттен бері мұнда шамамен 1,5 мың адамкелген. Өңір билігі мұны елорда маңында табиғат аясындағы демалысқа сұраныстың жоғары екенін көрсететін көрсеткіш деп бағалап отыр.

Dara Resort аумағында демалыс аймақтары, беседкалар мен шолу алаңдары жасақталған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жаяу серуендеу бағыттары салынған. Бұдан бөлек, экопарк аумағына 200 түп ағаш отырғызылды.

Алдағы уақытта мұнда арқан паркін ашу және серуендеу бағыттарын ұзарту жоспарланып отыр.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарға қолайлы демалыс ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз туристік инфрақұрылымды дамытуға және өңір тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударып отырмыз. Экопарктер құру жобаларын жүзеге асыру табиғат аясында демалу мүмкіндігін, соның ішінде Астана агломерациясы тұрғындары үшін де кеңейтуге мүмкіндік береді. Адамдардың отбасымен уақыт өткізіп, қаланың қарбаласынан демалатын қолжетімді әрі абаттандырылған орындары көбірек болғаны маңызды», – деді Ернар Жаркешов.

Әкімдік мәліметінше, Dara Resort Ақмола облысында экологиялық туризмді дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігіне айналды.

Жалпы өңірде жеті экопарк құру жоспарланған. 2026 жылдың басында осыған ұқсас нысан Зерендіде ашылған. Тағы бір ірі экопарк Ақкөлде Wyndham резиденциясының аумағында салынып жатыр.

Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін Ақмола облысында үш экопарк жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

2027 жылы Аршалы және Целиноград аудандарында тағы екі экопарк ашу көзделген. Ал облыс орталығындағы тағы бір экопарк 2028 жылы іске қосылмақ.

Барлық жаңалық