Ақмола облысында тағы қайғылы оқиға тіркелді. Елорда маңындағы Нұра-Есіл каналында 11 жастағы бала суға батып көз жұмды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Нұра-Есіл каналы өңірдегі ең қауіпті су айдындарының бірі саналады. Бұл жерде шомылуға рұқсат етілмейді. Себебі суда ағыс қатты, тереңдігі күрт өзгереді, жағалауы бетонмен бекітілген әрі түбінің бедері күрделі.
Канал бойында шомылуға тыйым салатын ескерту белгілері орнатылғанымен, адамдардың салғырт қарауына тосқауыл болмай тұр.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың құрбаны көбіне балалар болады. Өйткені олар қауіп-қатерді толық бағалай алмайды, ал кейбірі мүлде жүзуді білмейді.