Жаңалықтар

Ақмола облысында 102 миллион теңге ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Ақмола облысында полицейлер Болгария азаматының 102 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырды деген күдікке ілінген қылмыстық топ мүшелерін қолға түсірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 

Тергеу деректеріне сәйкес, биылғы мамыр мен маусым айларында күдіктілер өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, шетелдік азаматты қомақты қаржыны үшінші тұлғалардың шотына аударуға алдаған. Жәбірленушінің шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалып, заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілген.

 

Нәтижесінде тәртіп сақшылары қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікпен Павлодар облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады. Сондай-ақ тергеу барысында ұрлыққа қатысы бар болуы мүмкін тағы төрт адам белгілі болды, олардың нақты рөлі қазір тексерілуде.

 

Арнайы операция Павлодар қаласында өтті. Алдын ала болжам бойынша, бұл топ Көкшетау мен Қорғалжын ауданында орын алған екі ұқсас алаяқтық ісіне де қатысы болуы мүмкін. Полиция басқа да жәбірленушілерді анықтау үстінде.

 

Тінту кезінде құқық қорғаушылар бірнеше ұялы телефон мен жымқырылған ақшаның бір бөлігін тәркіледі. Барлық алты күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Барлық жаңалық