Жаңалықтар

Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықтан шығып, балаларымен қауышты

Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықтан шығып, балаларымен қауышты

Атырауда атышулы қылмыстық іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шығарылды, деп хабарлайды Ozgeris.info

 Кейін ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, сәбилер үйіне барып, балаларымен кездескен.

Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятованың айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен алғаш рет өткен аптада кездескен. Екінші рет 1 қыркүйек күні жүздескен.

— Балаларының заңды өкілі ретінде балаларына келді. Ата-ана ретінде құқығынан айырылған жоқ. Жалпы балалармен кездесу кестеге сәйкес әр жұма күні, 17:00 мен 19:00 аралығында ұйымдастырылады. Мұны ол басында білмеген. 27 тамызда келді. Кейін балаларын білім күнімен құттықтауға келгенін айтып, 1 қыркүйекте кездесті, — деді орталық директоры.

Қазір оның төрт баласы Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Балалар орталық қабырғасында білім алады. Ал бір жарым жастағы кенже ұлы сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр.

— Балалардың денсаулық жағдайы, көңіл-күйі — жақсы. Кішкентайларды орталыққа орналастыру туралы шешімде олардың қай уақытқа дейін мұнда болатыны көрсетілмеген, — деп толықтырды Құндыз Ғинаятова.

Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстарының айтуынша, ол балаларын таниды. Дегенмен ем алуын алдағы уақытта да жалғастырады.

Барлық жаңалық