Түркістан облысында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тәркіленген есірткіні сатып пайда таппақ болған сәтінде ұсталды. Олардың екеуі де полицияның жоғары шенді қызметкерлері болған деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Halyqstanға сілтемемен.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қолға түскендердің бірі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Ермеков, ал екіншісі жедел уәкіл Үсен Сұлтанбаев. Екеуі де тәркіленген анашаны сатпақ болған.Оларды қылмыс үстінде ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті ұстаған.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді:
«Түркістан облыстық полиция департаментінің екі қызметкері заңсыз әрекетке барды деген күдікпен ұсталды. Қазір олар қамауда, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді ол.
Оқиғадан кейін Түркістан облыстық ПД жедел түрде тәртіптік кеңес өткізіп, екі полицейді де «теріс себеппен» жұмыстан шығарған.Министрлік бұл жағдайға қатысты қатаң ұстанымын білдірді.
«Ішкі істер министрі өз қатарындағы адал емес қызметкерлерден жүйелі түрде тазарту жүргізілетінін бірнеше рет ескерткен. Біз полиция формасын киіп, антына опасыздық жасағандарға төзбейміз», – деп мәлімдеді ІІМ өкілі.
Айта кетейік, бұл оқиға Ішкі істер министрінің мекемелердегі тәртіп бұзушылықтар үшін үкімет алдында есеп бергеннен бірнеше күн өткен соң орын алды.Желі қолданушылары мен қоғам белсенділері бұл жағдайды “полиция беделіне соққы” деп бағалап, құқық қорғау органдарындағы тазарту жұмыстары нақты нәтижесін беруі тиіс екенін айтып жатыр.