Жаңалықтар

Антальядағы ажал: Түркияда қазақстандық жас жігіт жол апатынан көз жұмды

Антальядағы ажал: Түркияда қазақстандық жас жігіт жол апатынан көз жұмды

Түркияның Анталья провинциясына қарасты Серик ауданында жантүршігерлік жол апаты орын алып, 27 жастағы Қазақстан азаматы Құбат Аманбеков қаза тапты. Түріктің IHA агенттігі хабарлағандай, қайғылы оқиға 11 мамыр күні түнгі сағат 03:00 шамасында Белек курорттық аймағына баратын тас жолда болған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, велосипед тізгіндеген отандасымызды "A.C." есімді жүргізуші басқарған такси көлігі қағып кеткен. Қатты соққының салдарынан қазақстандық жол жиегіне ұшып кетіп, ауыр жарақат алған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері жас жігіттің жан тәсілім еткенін растады.

Белгілі болғандай, Құбат Аманбеков Антальядағы бесжұлдызды қонақүйлердің бірінде бармен болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта оның мәйіті сараптама жүргізу үшін Антальядағы сот-медициналық мекемесінің мәйітханасына жеткізілді.

Жол апатына себепкер болған такси жүргізушісі түсініктеме алу үшін полиция учаскесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта Түркия билігі тергеу амалдарын бастап, оқиғаның нақты себептерін анықтауда. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме беру үшін бақылауға алды.

Барлық жаңалық