Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауияға қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Айнар Ахметовтің 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалғаны туралы ақпарат тараған еді. Оның туысы Дәметкен Сүлейменованың айтуынша, Айнар Ахметов Сырым ауданына қарасты Тоғанас ауылынан әскерге шақырылған.
Туысының сөзінше, сарбаз өз күшімен жағаға жүзіп шығып, қасындағы әскери қызметшіге көмектесуге тырысқан. Алайда оны құтқара алмаған. Сондай-ақ отбасы Айнармен байланыса алмай отырғанын айтқан.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі аталған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.
Министрліктің мәліметінше, Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің бір бөлігі жағалауда тиісті оқу міндеттерін орындаған. А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауия да осы топтың құрамында болған.
«Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Министрлік азаматтарды тексерілмеген әрі шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.