Атырау облысында өндірістік оқиға салдарынан ауыр жарақат алған 25 жастағы электрик санавиация арқылы Астана қаласына жеткізілді деп хабарлайды Оzgeris.info. Әлеуметтік желіде жігіттің әкесі баласын шығарып салып тұрған видеосы тарап, көпшілікті бейжай қалдырмады.
Белгілі болғандай, зардап шеккен азамат Еламан Сағиев, ол «Атырау Жарық» ЖШС-де электрик болып жұмыс істеген. Оқиға өткен аптада электр желісін жөндеу кезінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Еламан бағана басында жұмыс істеп жатқан сәтте стансадан электр қуаты қайта қосылып, соның салдарынан оны тоқ соққан.
Жас маман ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, кейін жағдайының күрделілігіне байланысты санавиациямен Астанаға жөнелтілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, өндірістегі қауіпсіздік мәселесін көтерді. Айта кетейік, аталған компанияда биылғы жылы осындай оқиғалар жиілеген: бір қызметкер қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алғаны хабарлануда.