Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайға жұмыс сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен арнайы кездесу өткізді. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын ерекше атап өтті. Елімізде "Заң және Тәртіп" қағидаты аясында шетелдік инвесторлардың құқығын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Өз кезегінде Ли Цян мемлекетаралық қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, сенімді серіктес ретінде бірлескен жобаларды одан әрі қолдауға дайын екенін жеткізді.

Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің біріне айналды. Мұны 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген нақты экономикалық көрсеткіштер дәлелдейді:
-
Өзара сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 48 миллиард доллардан асты.
-
Қытайдан тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,8 миллиард долларды құрады.
-
Агроөнеркәсіптік кешендегі сауда 36%-ға өсіп, 1,9 миллиард доллардан асты.
-
Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк ағынының 85%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Темиржол тасымалы 35,6 миллион тоннаға жетті.

Сондай-ақ, Премьер-министр Далянь қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған арнайы сессияда сөз сөйледі. Жиында Олжас Бектенов соңғы жеті жылда Қазақстанның көлік-транзит инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам қаржы жұмсағанын мәлімдеді. Бұл қаржы Ақтаудағы контейнерлік хаб, Сиань құрғақ порты және «Достық – Мойынты» теміржолы сияқты ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Сессия барысында Қазақстан тарапы бұл бастаманы одан әрі дамытудың бес басым бағытын ұсынды. Олардың қатарында инфрақұрылымдық байланысты нығайту, цифрлық Орта дәлізді қалыптастыру, «жасыл» экономиканы ілгерілету және қаржылық тетіктерді кеңейту мәселелері бар. Бектеновтің айтуынша, Қазақстан өзін Қытайдың сенімді серіктесі әрі құрлықтарды жалғайтын маңызды көпір ретінде көреді және өзара тиімді жобаларға әрқашан ашық.