26 қазанда Лондонда футбол әлеміндегі ең басты жеке жүлделердің бірі – «Алтын доптың» 70-ші марапаттау рәсімі өтеді. Биылғы бәйге әдеттегіден қызық. Бір жағында – 61 гол соққан Харри Кейн, екінші жағында – әлем чемпионы атанған Ламин Ямаль. Килиан Мбаппе болса, клубтық трофейсіз қалса да, жеке статистика бойынша сенсациялық маусым өткізді. Ал Хвича Кварацхелия Чемпиондар лигасының үздігі атанып, бірақ Грузия құрамасымен әлем чемпионатына бара алмады.
Францияның L’Équipe басылымы басты үміткерлер қатарына Харри Кейн, Лионель Месси, Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе және қазіргі иегер Усман Дембелені шығарды. Ал букмекерлік нарықта Кейн айқын алда тұр. Дегенмен «Алтын доп» – жай ғана гол мен жүлденің арифметикасы емес. Мұнда футболшының жеке деңгейі, командалық жетістігі, ең маңызды матчтардағы ықпалы және маусымның жалпы контексті қатар қаралады.
Кейн неге фаворит?
Харри Кейннің биылғы статистикасы – оның басты аргументі. «Бавария» шабуылшысы 2025/26 маусымында барлық турнирде 61 гол соқты. Ол Бундеслигада 36 голмен Еуропаның «Алтын бутсасын» иеленді. Сонымен бірге Мюнхен клубымен Германия чемпионатын, Германия кубогын және Суперкубокты жеңді. Кейн үшін тағы бір маңызды фактор – оның Англия құрамасындағы ойыны. Сондықтан оның кандидатурасы тек клубтағы статистикаға сүйенбейді. Бірақ Кейннің алдында бір үлкен сұрақ бар: «Бавария» Чемпиондар лигасын жеңе алмады, ал Англия әлем чемпионатының жеңімпазы болмады. «Алтын доп» тарихында командалық ірі трофейлердің салмағы жиі жоғары болған.
Сондықтан Кейннің кандидатурасы бір қарағанда ең түсінікті болғанымен, дауыс беру кезінде оның қарсыластарының дәл осы тұстан артықшылығы пайда болуы мүмкін. Қызығы – Кейннің өзі бұл жарыста медиа-кампания жүргізіп жатқан жоқ. Ол «мен лайықтымын» деп барынша қатты мәлімдеме жасаған ойыншылардың қатарында емес. Бірақ оның орнына статистика сөйлеп тұр.
Ямаль: «Мен лайықтымын»
Ламин Ямаль болса, өз мүмкіндігін жасырмайды. 19 жастағы футболшы Испаниямен бірге 2026 жылғы әлем чемпионатын, «Барселонамен» Испания чемпионатын жеңді. Бұған қоса Ла Лиганың 2025/26 маусымындағы үздік ойыншысы атанды. Оның маусымдық көрсеткіші – 57 матчта 25 гол және 20 нәтижелі пас. Ямаль қыркүйектегі сұхбатында өзін биылғы «Алтын допқа» лайық санайтынын ашық айтты. Оның пікірінше, басты қарсыласы – Килиан Мбаппе.
Бұл сөздер Ямальдың өзіне деген сенімін көрсетеді. Бірақ оның кандидатурасының күші тек сөзінде емес. Ол – әлем чемпионы, ұлттық чемпионат жеңімпазы, жеке статистикасы жақсы және Ла Лиганың үздік ойыншысы. Осының бәрін бір маусымға жинасаңыз, Ямальдың кандидатурасы өте салмақты көрінеді.
Оның үстіне өткен жылы Ямаль «Алтын доп» дауыс беруінде екінші орын алған еді. Демек, журналистер оны элиталық деңгейдегі ойыншы ретінде бұрыннан бағалап келеді.
Мбаппе: трофей жоқ, бірақ гол көп
Килиан Мбаппенің жағдайы мүлде бөлек. Француз футболшысы 2025/26 маусымын «Реал Мадридте» өткізді және клубтық ірі трофейсіз қалды. Бірақ жеке көрсеткіштері өте жоғары: 60 матч, 58 гол, 13 нәтижелі пас. Ол Ла Лиганың, Чемпиондар лигасының және әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Әлем чемпионатында Мбаппе 10 гол соғып, турнирдің «Алтын бутсасын» алды. Сонымен бірге ол әлем чемпионаты тарихындағы гол санын 22-ге жеткізіп, бұл көрсеткіш бойынша рекорд орнатты. Сондықтан Мбаппенің аргументі қарапайым: «Мен гол соғу жағынан барлық жерде бірінші болдым».
Француз шабуылшысы тіпті өзін «Алтын допқа» лайық деп санайтынын ашық айтты. Бірақ оның кандидатурасын әлсірететін фактор да дәл осы жерде: «Реал» маусымды ірі командалық трофейсіз аяқтады. Яғни Мбаппе мен Ямальдың арасындағы негізгі пікірталас – «жеке статистика ма, әлде жеке статистикаға қосылған командалық жетістік пе?» деген сұраққа тіреледі.
Хвичаға құрамамен жолы болмады ма?
Хвича Кварацхелияның жағдайы ерекше. Грузиялық жұлдыз «ПСЖ» сапында керемет маусым өткізді. Ол клубпен Чемпиондар лигасын қатарынан екінші рет жеңді. Ең маңыздысы – УЕФА оны 2025/26 Чемпиондар лигасының үздік ойыншысы деп таныды. Кварацхелия турнирде 16 матчта 10 гол және 6 нәтижелі пас жасады. Плей-офф кезеңінде «Челсиге» қарсы екі ойында үш гол соғып, жартылай финалда «Баварияға» дубль жасады. Финалда «Арсеналға» қарсы ПСЖ-ның алғашқы голына әкелген пенальтиді де оның әрекеті арқылы команда алды.
Жалпы маусымда Хвича 57 матчта 24 гол және 10 нәтижелі пас жинады. Оның клубтық трофейлері де аз емес: Чемпиондар лигасы, Франция чемпионаты, Интерконтинентал кубогы, УЕФА Суперкубогы және Франция Суперкубогы.
Сонда неге ол Кейн, Ямаль немесе Мбаппе деңгейінде аталмайды? Мәселе – Грузия құрамасының әлем чемпионатына қатыспауында. Бұл Хвичаның жеке кінәсі емес. Грузия әлем чемпионатына жолдама ала алмады. Бірақ «Алтын доп» дауыс беруінде әлем чемпионатының әсері өте үлкен болды. Ал Ямаль, Мбаппе, Месси, Кейн және басқа кандидаттар футболдың ең ірі сахнасында өздерін көрсете алды. Сондықтан Хвичаның жағдайындағы «кемшілік» – оның ойыны емес, ұлттық командасының әлем чемпионатында болмағаны.
Бұл жерде әділетсіздік элементі бар деп айтуға болады: Кварацхелияның өзі әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігін анықтай алмайды. Бірақ жүлде жеке футболшыға берілгенімен, оның кандидатурасын бағалауда ұлттық команданың жетістігі де ескеріледі.
Дембеле тағы да «Алтын допты» ала ма?
Өткен жылғы жеңімпаз Усман Дембеле де жарыстан шыққан жоқ. ПСЖ-ның Чемпиондар лигасындағы екінші қатарынан жеңісінде француз маңызды рөл атқарды. Бірақ биыл оның алдында ерекше жағдай тұр: өткен жылғы «Алтын доп» иегері өзінің жүлдесін қорғауы керек. Егер Дембеле тағы жеңсе, бұл соңғы жылдардағы ерекше оқиға болар еді. Себебі ПСЖ-ның Еуропадағы үстемдігі оның кандидатурасын күшейтеді.
Бірақ оның басты проблемасы – биылғы басты қарсыластарының кейбірінде әлем чемпионаты сияқты өте күшті аргумент бар.мДембеленің өзі үміткерлер туралы пікір білдіріп, Кварацхелия, Кейн және Мбаппені өзінің үздік үштігіне енгізген.
Ал Месси ше?
Лионель Месси – бұл тізімдегі ең ерекше есім. 39 жастағы аргентиналық 2026 жылғы «Алтын допқа» 17-рет номинация алды. «Интер Майами» сапында 49 матчта 45 гол және 30 нәтижелі пас жасап, MLS чемпионы атанды. Ал әлем чемпионатында Аргентина финалға дейін жетті. Месси турнирді 8 гол және 4 нәтижелі паспен аяқтады. Бірақ финалда Аргентина Испаниядан 0:1 есебімен жеңілді. Сондықтан Мессидің биылғы кандидатурасы екі түрлі фактордың арасында тұр: бір жағынан – феноменальды жеке статистика мен әлем чемпионатындағы әсері, екінші жағынан – финалдағы жеңіліс және клуб деңгейіндегі Еуропадан тыс футбол.
Биылғы «Алтын доптың» басты сұрағы
Шын мәнінде, биылғы дауыс беру бір ғана сұраққа келіп тіреледі: Журналистер нені көбірек бағалайды – ең үздік жеке статистиканы ма, әлде жеке көрсеткішке қосылған ең үлкен командалық трофейлерді ме? Егер жеке статистика мен тұрақтылық алдыңғы орынға шықса, Кейн мен Мбаппенің аргументі өте мықты. Егер әлем чемпионаты шешуші факторға айналса, Ямальдың кандидатурасы күшейеді. Егер Чемпиондар лигасының салмағы басым болса, ПСЖ ойыншылары – Дембеле, Кварацхелия, Витинья, Хакими секілді футболшылардың мүмкіндігі артады. Ал Мессидің кандидатурасы футболдағы жеке феномен мен әлем чемпионатындағы тарихи рөлдің әлі де қаншалықты бағаланатынын көрсетеді.
Тұрар Кенжеғалиев: «Менің фаворитім – Ямаль»
«Алтын доп-2026» үшін таласта әр футболшының өз аргументі бар. Спорт сарапшысы Тұрар Кенжеғалиев биылғы жүлдеге қатысты өз фаворитін де атады. Оның таңдауында – Ламин Ямаль.
«Менің фаворитім – Ямаль. Кейн өзінің «Алтын добын» кейінге қалдырар деп ойлаймын. Мбаппе мықты болғанымен, оның командалық жеңістері көп емес», – дейді сарапшы.
Кенжеғалиевтің пікірінше, Килиан Мбаппенің қазіргі мансап жолын Криштиану Роналдудың алғашқы жылдарымен салыстыруға болады. Сарапшы француздың жеке көрсеткіштері өте жоғары болғанымен, оның басты дәуірі әлі алда деп есептейді.
«Мбаппені Криштиануға ұқсатамын. Ол да басында трофейді аз ұтып, кейін үш-төрт жылдан соң өз командасын барынша алға сүйреді. Соның нәтижесінде төрт Чемпиондар лигасын жеңіп алды», – дейді Тұрар Кенжеғалиев.
Сарапшының айтуынша, Мбаппенің жеке деңгейі оның «Алтын допқа» таласуына толық мүмкіндік береді. Алайда биылғы дауыс беруде Ямальдың командалық жетістіктері мен әлем чемпионатындағы нәтижесі маңызды фактор болуы мүмкін.
«Сондықтан биыл Ямаль алсын. Ал алдағы жылдары Мбаппенің дәурені жүреді», – деп қорытындылады спорт сарапшысы.
Ал Кейннің үнсіздігі ше?
Бұл да қызық деталь. Ямаль өзін лайық деп санайтынын айтты. Мбаппе де өз кандидатурасын ашық қорғады. Ал Кейн мұндай мәлімдемелермен жарыстың ортасына шыққан жоқ. Бірақ футболда кейде ең қатты айтылған сөз емес, ең үлкен цифр сөйлейді. 61 гол. Германия чемпионаты. Германия кубогы. Суперкубок. Еуропаның «Алтын бутсасы». Кейннің үнсіздігі – оның кандидатурасы әлсіз дегенді білдірмейді. Керісінше, қазіргі таңда оның басты «жарнамасы» – алаңдағы статистикасы.
26 қазанда Лондонда журналистердің 100 дауысы қай аргументті жоғары бағалағанын көреміз. Биылғы «Алтын доп» бір ойыншының айқын үстемдігінен гөрі, футболдағы екі түрлі философияның қақтығысына көбірек ұқсайды: бір жағында – Кейннің голдары, екінші жағында – Ямальдың әлем чемпионы атағы, Мбаппенің жеке рекордтары, Кварацхелияның Чемпиондар лигасындағы жарқырауы және Дембеленің Еуропадағы үстемдігі. Ал қайсысының аргументі дауыс берушілер үшін шешуші болатынын 26 қазанда ғана білеміз.