Алматыда «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері «Бақ маркет» супермаркетінде (Назарбаев даңғылы, 36к4) сөрелерден ондаған мерзімі өткен тауар — сүт өнімдері, тістемелер және шіріген ет анықтады. Белсенділердің айтуынша, бұл - жекелеген дүкендердің қателігі емес, жүйелі проблема деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Время истекло» науқаны соңғы бір жылда қаладағы 50-ден астам дүкенді тексеріп, барлығынан дерлік мерзімі өткен өнімдер тапқан. Белсенділер дүкендердің жиі айтатын сылтаулары («көрмей қалыппыз», «бүгін алып тастаймыз») іс жүзінде нәтиже бермейтінін айтады.
Тексеру кезінде дүкен қызметкерлері мерзімі өткен тауарды жоюдан бас тартқан соң, белсенділер оларды өздері сұрыптап, үш контейнерге жинады. Олардың пікірінше, мұндай жағдайға тек сатушылардың емес, тұтынушылардың да бейжайлығы себеп.
«Мерзімі өткен өнімді лақтырып тастау - өзіңе деген құрметтің белгісі. Егер тұтынушылар бұған бейжай қарамаса, дүкендерде мұндай тауар сөрелерде тұрмайды», - деді қозғалыс өкілі Төрехан Бекежан.