Алматыда түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Кадрларда көшеде сатылып жатқан самсаның ішінен тірі тышқан шыққаны анық байқалады, деп жазады ozgeris.info сайты Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиғаға куә болған тұрғындар бұл жағдайға қатты ашуланып, жиіркеніштерін жасырмады. Көпшіліктің айтуынша, соңғы кезде қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптардың сақталмауы жиілеп кеткен.
Пікір қалдырғандардың бірі: «Көшеде сатылатын самсалардың басым бөлігі гигиеналық нормаларға сәйкес келмейді. Оларға ең бастысы – пайда табу», – десе, тағы бірі әзіл-шыны аралас: «Бұл жердің тұрақты клиенті сияқты самсаның ішінен шығыпты», – деп жазды.
Желі қолданушылары санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарын тиісті шара қабылдауға шақырды. Олар мұндай орындарға қатаң тексеріс жүргізіп, халықтың денсаулығына қауіп төндіретін жайттардың алдын алу қажеттігін алға тартуда.