Алматы қаласында Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Тарихи тұлғамен қоштасу рәсімі Алматыдағы Офицерлер үйінде ұйымдастырылды.
Ғимараттың кіреберісінде құрмет қарауылы сап түзеді. Талғат Мұсабаевты соңғы сапарға шығарып салуға оның туған-туыстары, жақындары, достары, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері келді. Қатысушылар қатарында ғарышкерлер - Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов те бар.
Аңызға айналған ғарышкермен қоштасу рәсімінен кейін 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы алаңда жаназа оқылады.
Еске салайық, 3 тамыз күні 75 жасында ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев өмірден өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Талғат Мұсабаевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның отандық ғылым, техника және мемлекеттік басқару саласындағы зор үлесін атап өтті.