Алматы қаласының тұрғыны әйел мен оның алты жасар қызын аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйек айында айыпталушы Б. өзінің танысы А.-ны және оның алты жасар қызы К.-ны шойын қазанмен ұрып өлтірген. Қылмыс салдарынан әйелдің анасы да ауыр жарақат алғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алды.
Белгілі болғандай, сотталушы бұған дейін де адам өлтіргені үшін сотталған, алайда жаза мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққан. Марқұм әйелмен ол шамамен алты айдай уақыт таныс болған.
Қайғылы оқиға 5 қыркүйек күні кешке болған. Айыпталушы мен әйел арасында тұрмыстық жанжал туындап, ашуға булыққан ер адам шойын қазанды қару ретінде пайдаланып, әйелді оның алты жасар қызы мен анасының көз алдында аяусыз соққыға жыққан. Әйел ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды. Медициналық сараптама оның ашық бас-ми жарақатын, бас сүйегінің бірнеше жерден сынуын және миға қан құйылуын анықтаған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті алты жасар баланы да ұрып-соққан. Қыз бала бірнеше күн бойы есін жимастан, ауруханада қайтыс болған. Сараптама нәтижелері қылмыс қаруындағы барлық саусақ іздері айыпталушыға тиесілі екенін растады.Қылмыскер марқұмның анасын да соққыға жыққан. Қарт әйел есінен танып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Бірнеше күрделі операциядан кейін дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.
Марқұм әйелдің анасы сотта берген куәлігінде:
«Қызым мен немерем менің өмірімнің мәні еді. Екеуінен бірдей айырылған соң қалай өмір сүруді білмеймін. Ол адам шойын қазанмен мені ұрып жатты. Сол сәтте қызым жерде қанға боялып жатты, ал немерем тығылып қалған еді», – деп көз жасын тыя алмады.
Іс материалдарында тағы бір эпизод тіркелген. Баланың айқайын естіген көрші әйел пәтердің есігін қағып, жағдайды білмек болған. Алайда айыпталушы оны да шойын қазанмен ұрып, көрші әйел есінен танып қалған.
Тергеу барысында қылмыс қаруы – қанға боялған қазан Медеу ауданындағы үйлердің бірінің қақпасының маңынан табылған. Айыпталушы Ч. сотта өз кінәсін мойындамағанымен, сараптама оның саусақ іздерін дәлел ретінде көрсетті. Пәтерден бөгде адамдардың ізі табылмаған.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сонымен қатар ҚК-нің 58-бабы 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.