Жаңалықтар

Алматыда әйел адам автобуста студент қызды аяусыз ұрып, ауруханаға түсірді

Алматыда әйел адам автобуста студент қызды аяусыз ұрып, ауруханаға түсірді

Алматыда қоғамдық көлікте болған жанжалдан кейін 17 жастағы студент қыз ауруханаға түсті. Оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Жәбірленуші Камиланың айтуынша, ол колледжден үйіне қайтып келе жатқан кезде автобуста анасы мен қызы арасындағы жанжалға куә болған. Әйел қызын аялдамадан өтіп кеткені үшін қатты сөгіп жатқан. Сол сәтте басқа жолаушылар да қызды жақтап араша түскен.

Алайда жағдай күтпеген жерден ушығып кеткен. Камиланың сөзінше, ашуға булыққан әйел оған тап беріп, бірнеше рет соққы жасаған.

«Ол киімімнен ұстап алып, басымнан бірнеше рет ұрды. Кейін шашымнан тартып, жерге құлатты. Дәрігерлер миым шайқалғанын және басымда гематома бар екенін анықтады», – деді студент қыз.

Жәбірленушінің айтуынша, әйел негізінен оның бас тұсынан соққы жасаған. Оқиғаға куә болған адамдар араласпағанда, жағдайдың немен аяқталары белгісіз болғанын айтады.

Камила автобустан түскеннен кейін де жанжал тоқтамаған. Оның сөзінше, әйел соңынан еріп шығып, аялдамада да шабуылын жалғастырған. Абырой болғанда, айналадағы адамдар қызды қорғап қалған.

Оқиға орнына кейінірек Камиланың анасы Ирина Ключникова келген. Алайда сол уақытта күдікті әйел кетіп қалған екен.

«Қызымның видеоға түсіріп тұрғанын көрген бойда оған шабуыл жасады. Шашынан сүйреп, ұрып-соқты. Тіпті тізерлетіп қойып, бұйрық берген. Мен ана ретінде оның көзіне қарап, неге бұлай жасағанын сұрағым келеді», – деді ол.

Қазір бойжеткен ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның туыстары полицияға арыз жазған.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жеке басын анықтау жұмыстары жүргізілуде.

«Бұл факті бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Алдын ала мәлімет бойынша, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі дәлелденсе, күдіктіге 50 тәулікке дейін қамау жазасы тағайындалуы мүмкін. Жәбірленуші тарап әйелді таныған азаматтарды полицияға хабарласуға шақырып отыр.

Барлық жаңалық