Алматы облысы

Алматы тауларындағы қайғылы оқиға: Үш адам көз жұмды

Алматы тауларындағы қайғылы оқиға: Үш адам көз жұмды

Алматы қаласының Медеу ауданында жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары толық аяқталды. Құтқару қызметінің мәліметінше, «Локомотив» шыңының маңынан теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктікте тағы екі адамның мәйіті табылды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.

 

Ведомствоның хабарлауынша, осы оқиғаға қатысы бар тағы бір адамның денесі бұған дейін анықталған. Осылайша, тауда болған қайғылы жағдай салдарынан барлығы үш адам қаза тапқан.

 

Хабар түскен бойда «Мыңжылқы» бөгеті аумағында жедел штаб құрылып, ауқымды іздеу операциясы ұйымдастырылды. Іздеу жұмыстарына Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы, құтқару қызметтері, полиция қызметкерлері, альпинизм федерациясының өкілдері мен еріктілер жұмылдырылды. Әуеден барлау жүргізу үшін «Қазавиаспас» тікұшағы тартылды.

 

Жалпы операцияға шамамен 80 адам, 12 арнайы техника, 4 кинологиялық есеп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. Құтқару жұмыстары күрделі биік таулы аймақта өтті. Төмен температура, ауа райының қолайсыздығы, ауа сиректігі, қар көшкіні қаупі мен қиын жер бедері іздеу жұмыстарын едәуір қиындатқан.

 

Құтқарушылар дрондар, металл іздегіштер, іздеу зондтары және арнайы техникалық құралдарды пайдаланды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты табылған мәйіттер «Медеу» құтқару бекетіне дейін жаяу жеткізіліп, кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалып, қаза тапқандардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Барлық жаңалық