Алматы қаласы

Алматы тауларындағы "Көк-Жайлау" жобасы қолдау тапты

Алматы тауларындағы "Көк-Жайлау" жобасы қолдау тапты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының таулы аймағында көппәтерлі үйлер салуға тыйым салатын мораторий енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұл шешім қаланың экологиялық тынысын ашып, тау бөктерінің табиғи тепе-теңдігін сақтауға бағытталған. Енді бұл аумақта тек жаңартылған бас жоспарға сай келетін туристік және әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға ғана рұқсат етіледі. Алайда, бұл қатаң тыйым табиғатты қорғаудың жоғары стандарттарына негізделген «Көк-Жайлау» жобасына қолданылмайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Көк-Жайлау» жобасы ландшафтқа минималды араласу, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және ауқымды көгалдандыру сияқты экологиялық тұрақтылық ұстанымдарына негізделген. Жоба аясында шатқалдар тазартылып, ретсіз құрылыстан зардап шеккен атақты алма бақтары қалпына келтірілмек. Бұл табиғaтпен үйлесімді дамудың нақты үлгісі ретінде қарастырылуда.

Бұл бастаманы «Ұлттық шаңғы қоғамдастығының» президенті Асқар Валиевте қолдады.

«Мен Алматыда дүниеге келдім, осы тауларда өстім. Спорт жергілікті табиғатпен қаншалықты тығыз байланысты екенін жақсы білемін», – дейді ол.

Валиевтің айтуынша, қазіргі «Шымбұлақ» курортының шамадан тыс жүктелуі бұқаралық спортты дамытуға кедергі келтіруде.

«Көк-Жайлау жобасы ерекше көңіл бөлуге лайық. Шешуші әрекет ету уақыты келді», – деп үндеу тастаған сарапшы, Шымбұлақ пен Ой-Қарағайды біріктіріп, Алматының тау кластерін кешенді дамыту идеясын ұсынды.

Алматы тау кластерін кешенді дамыту мақсатында Түргеннен Қаскелеңге дейінгі 3 басым аймақ - шығыс, орталық және батыс аймақтары айқындалды. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым және 300-ден 700 шақырымға дейінгі тау шаңғысы трассаларын салу көзделген.

Бір ғана орталық аймақта көтергіштер санын 16-дан 58-ге дейін көбейту жоспарланған. Мұндай шаралар нәтижесінде өткізу қабілетін 5,6 есеге - тәулігіне 6 мың адамнан 34 мың адамға дейін арттырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу күтілуде.

Almaty SuperSki жобасы аясында жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын трассалары бар Құмбел шыңы мен «Көк-Жайлау» шатқалын қамтитын тау шаңғысы курорты құрылады. Барлық трассаның жартысына жуығы шаңғы тебуді жаңадан үйренушілерге арналады.

Жаңа тау кластері экология мен экономиканың үйлесім табатынын дәлелдеп, жеке инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар курорттық инфрақұрылымға 2 доллар жеке инвестиция тартады.

Бүгінгі таңда Алматы 2,3 миллионнан астам туристі қабылдады, оның 680 мыңнан астамы шетелдіктер. Туризм секторы экономикасында тұрақты өсім байқалады: туристік қызмет көрсету көлемі 30%-ға, салық түсімдері екі есеге артты.

Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін ең ірі туристік жобаға айналады. Осылайша, Алматы табиғатты сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналуды көздеп отыр.

Барлық жаңалық