Жаңалықтар

Алматы облысында полицейдің өртенген денесі табылды: Әйелі мен баласы күдікті деп танылды

Алматы облысында полицейдің өртенген денесі табылды: Әйелі мен баласы күдікті деп танылды

Алматы облысында өртенген ер адамның мәйіті табылып, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, марқұм бұған дейін Алматы қаласындағы Әуезов аудандық полиция басқармасында қызмет атқарған.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 23 маусым күні Кеген ауданындағы таулы аумақтан адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберіліп, қажетті тергеу шаралары жүргізілген.

Тексеру барысында қаза тапқан адамның жеке басы анықталып, оның полиция қызметкері болғаны расталды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Олардың арасында марқұмның жұбайы мен ұлы да бар. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.

Барлық жаңалық