Алматы облысының Боралдай кентінде мопед жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан егде жастағы әйелді қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйелдің жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан сәтінде жоғары жылдамдықпен келген мопедтің оны қағып кеткені көрінеді. Соққыдан кейін әйел бірнеше метр жерге ұшып түсіп, ауыр жарақат алған. Ал жүргізуші өз заттарын жинап алып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында мопед жүргізушісінің жеке басын анықтап, оны жауапкершілікке тартқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші мен мопедтің жолаушысы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзып, апат болған жерден кетіп қалғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.