Жаңалықтар

Алматы облысында ерлер дәретханасынан жас қыздың денесі табылды

Алматы облысында ерлер дәретханасынан жас қыздың денесі табылды

Алматы облысында 21 жастағы Диана Сансызбайдың денесі дүкен жанындағы ерлер дәретханасынан табылды. Полиция бұл факті бойынша "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда марқұмның анасы қызы өзіне қол салды дегенге сенбейді. Бұл туралы Ozgeris.info сайты 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Диана Сансызбайдың денесі 29 маусым күні Ұзынағаштағы дүкен жанындағы дәретханадан табылған. Анасының айтуынша, бір күн бұрын бойжеткен өзіне сыйлықтар жасап, сұлулық салонына апарып, екеуіне концертке билет алған. Жұмысын аяқтаған соң ағасына кеткен. Алайда кейін суық хабар келген.

“Үстінде киімі де жоқ. Тек қана іш киіммен жатыр. Шашының бәрі алба-жұлба, арасы шөп-шалаң. Мойнын бұрайын десе бұрылмайды. Бір жағына қисайып қалған. Мына жауырыны мен арқасында көкпеңбек із тұрды. Дөңгелек пішіні. Екі қолын былай қысып алған. Сақинасы тұр, бірақ мойнындағы алқасы жоқ. Бір қолы көгеріп кеткен. Белінен төмен қарай көкпеңбек. Не болғанын білмеймін”, – деді марқұмның анасы Қаракөз Қалжанова.

Марқұмның анасы Қаракөз Қалжанованың айтуынша, оқиғаға қатысты күмән тудыратын жайттар бар. Оның сөзінше, сол түні дәретханаға барған қыздардың бірі онда бірнеше жігіттің отырғанын көрген.

"Бір қыз: “Апай, ол қай уақытта қайтыс болды?” деп сұрады. Түнгі 12-де болғанын айтсам, ол: “Қалай 12-де қайтыс болады? Мен түнгі сағат екіден бес минут кеткенде дәретханаға бардым. Сол кезде мұнда қара көлік пен оның жанында ақ көлік тұрды. Төрт жігіт шемішке шағып, қарқылдап күліп отырған”, – деді", – деп қосты анасы.

Диананы соңғы рет дүкеннен көрген. Ол жиендеріне ойыншық сатып алған соң, үйіне қарай шыққан. Анасының айтуынша, жолда біреумен телефон арқылы сөйлесіп, кейін дүкен жанындағы дәретханаға барған. Алайда ол жерден қайта шықпаған. 21 жастағы бойжеткеннің денесін ерлер дәретханасынан еден жуушы тауып, полиция мен жедел жәрдем шақырған.

“Міне жіптің ізі. Осылай артқа қарап тұрған. Астында ештеңе жоқ. Соткасы мына бұрышта, сөмкесі мына бұрышта. Есік жабық. Болды. Адам өлер кезде ең құрмағанда еңкейеді ғой. Ол осылай түп-түзу тұр. Ал жеке заттарын біз өзіміз сайдан таптық. 1 ай тергеушінің артынан жүгіріп жүріп, ал ал деп өткіздік. Біздің тергеуші ештеңе істеген жоқ. Қаншама рет бардық, кірдік. Бастығына да жүгіндік. Ол бізге: "Киімін алу үшін бас тарту жазып беріңдер" деп шарт қойды”, – деді марқұмның ағасы Есен Қалжан.

Ағасының айтуынша, дәретхана қабырғасы биік болғандықтан, Диананың жіп байлауға бойы жетуі мүмкін емес. Осыған байланысты марқұмның туыстары оқиға кезінде дәретханада немесе оның маңында басқа адамдар болған деп күдіктенеді.

Полицияның хабарлауынша, "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, бүгінде тергеу жүріп жатыр. Қыздың анасы Диананың сөмкесіндегі 100 мың теңге мен алтын алқасы жоғалған дейді. Қара жамылған отбасы бойжеткенді қасақана өлтірді деп санайды.

Барлық жаңалық