Павлодар облысының полициясына анасы өзінің ұлына қатысты шағым түсірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты irbistv.kz сайтына сілтемемен.
Әйелдің айтуынша, ересек баласы үйге мас күйінде келіп, жанжал шығарып, анасын балағат сөздермен қорлаған.
Бұл жағдай сотта қаралып, құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Сондай-ақ сот оның мінез-құлқына арнайы талап қойып, алкогольдік ішімдік, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салды. Бұдан бөлек, оған психологиялық көмек алу шарасы белгіленді, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық ПД.
Биыл өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында шамамен 1,5 мың адам тексерілген. Полицияға 50-ге жуық шағым түскен. Оның нәтижесінде 72 қорғау нұсқамасы шығарылып, 15 құқық бұзушыға ерекше талап қойылды. Сонымен қатар әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған 5 отбасы бақылауға алынды.