Жаңалықтар

Әлихан Смайылов: Жеңілдетілген қаржыландыру тиімсіз пайдаланылған

Әлихан Смайылов: Жеңілдетілген қаржыландыру тиімсіз пайдаланылған

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары аясында талаптарға сай келмейтін жобалардың да мемлекеттік қолдауға ие болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен хабарлайды.

 

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар жалпы кәсіпкерлер үшін қолдау шараларының қолжетімділігін төмендетіп отыр. Сонымен қатар, кейбір жобалар бойынша қаржыландыру көлемі негізсіз ұлғайтылған.

 

Аудит нәтижелері жекелеген жобаларда шығындардың нақты қажеттілікке сай есептелмегенін көрсеткен. Жеңілдікпен берілген кредиттердің мақұлданған сомасы шығындарға толықтай сәйкестендірілгенімен, қаражаттың бір бөлігі игерілмей қалған.

 

«Құқықтық тұрғыда қарасақ, жобалық құжаттамалар бар, кредиттер де қайтарылып жатыр. Алайда артық қаржы басқа жобаларға бағытталуы мүмкін еді. Құнын дұрыс есептемеу салдарынан бір ғана жоба бойынша 20 млрд теңге немесе жалпы қарыз сомасының 16 пайызы игерілмей, күшін жойды», – деді Әлихан Смайылов.

 

Сондай-ақ мемлекеттік қолдау көрсетілген кезеңде кейбір бизнес субъектілерінің меншік иелеріне дивиденд төлегені анықталған. Бұл әрекетке қатысты нақты шектеулердің болмауы алаңдаушылық туғызады.

 

Смайыловтың айтуынша, кей жағдайларда төленген дивидендтердің көлемі алынған мемлекеттік қолдау сомасынан да асып кеткен.

 

Бұдан бөлек, жобаларды қаржыландыру барысында қаражаттың түпкілікті алушыларға жетуі ұзақ уақытқа созылған фактілер тіркелген. Осыған байланысты мемлекеттік қолдау алушылар үшін нақты қарсы міндеттемелер белгілеу қажет.

 

«Егер міндеттемелер орындалмаса, қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс. Алайда мұндай талаптар барлық жерде қарастырылмаған. Соның салдарынан Павлодар облысында іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған», – деді палата өкілі.

 

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Барлық жаңалық