Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік төлемдердің тиімділігіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Министрдің айтуынша, ведомство жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, әлеуметтік қолдау жүйесінде артық әрі күмәнді төлемдерді қысқарту жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатыр. Үкімет басшысы бұл жұмысты 1 желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырған.
Жақыпова қазіргі тәжірибеден мысал келтірді. Оның сөзінше, бүгінде мүгедектігі бар балаларды үйде оқытқаны үшін ата-аналарға қосымша төлемдер қарастырылған. Бұл сома өңірге байланысты 500 – 1000 теңгеден 300 - 3000 теңгеге дейін жетеді.
«Алайда Конституцияда әр ата-ана өз баласына толық жауапты екені нақты жазылған. Оқу мен тәрбие беру – олардың міндеті. Ал мемлекет мүгедектігі бар бала тіркелген мектепке оқыту үшін жоғары тарифпен қаржы бөледі. Бұған қоса ата-анасына да төлем беріледі. Бұл жерде әділдік сақталмай отыр. Сол себепті осы нормаларды қайта қарау қажет», – деді министр Мәжілісте өткен брифинг барысында.