Жаңалықтар

Әлеуметтік желілердегі ҚҚС пен баға өсімі туралы талқылау: мұның артында кім тұр?

Әлеуметтік желілердегі ҚҚС пен баға өсімі туралы талқылау: мұның артында кім тұр?

Әлеуметтік желі қолданушылары соңғы уақытта тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауы, сондай-ақ қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі туралы пікірлерін белсенді түрде бөлісіп жатыр. Алайда сын-пікірмен қатар, манипулятивті әрі агрессивті үндеулердің жиілеп кеткені байқалады. Мұндай жазбалардың басым бөлігі анонимді және фейк аккаунттардан тарауда, деп хабарлайды ozgeris.info nofake.kz порталына сілтеме жасап.

Жаңа жылдық демалыстан кейін Threads пен TikTok-та баға өсімі қайтадан қызу талқылана бастады. Қолданушылар тауарлар мен қызметтердің қымбаттағанын, шағын бизнеске түскен салмақты, жалақы деңгейінің бағаларға сай келмейтінін алға тартады. Осындай жазбалардың көпшілігінде жағдайдың басты себебі ретінде жаңа Салық кодексі мен ҚҚС мөлшерлемесінің 16 пайызға дейін көтерілуі аталады. Сонымен қатар көптеген посттардың берілу тәсілі мен эмоциялық реңкі бір-біріне ұқсас. Бұл талқылау толқынының кездейсоқ пайда болмағанын аңғартады.

Мұндай жазбаларды жариялап жүрген аккаунттардың өзі де назар аудартады. Көп жағдайда бұл — жеке контенті жоқ, бұрын белсенділік танытпаған жаңа парақшалар. Кейбірі үшін мұндай жазбалар алғашқы публикация саналады. Соған қарамастан, олар қысқа уақыт ішінде жоғары қаралым жинайды.

Мәселен, create.dias атты аккаунт Threads желісінде үкіметтің отставкасы туралы алғашқы тредін жариялап, небәрі 19 сағатта 11 мыңнан астам қаралым, мыңға жуық лайк және жүзден аса пікір жинаған.

Кейбір аккаунттарда әлеуметтік маңызы бар тақырыптағы ұқсас мәтіндер тұрақты түрде жарияланады. Бұл ретте аудитория реакциясының қалай өзгеретіні анық көрінеді. Бұрын жеке немесе коммерциялық жазбалар көп қызығушылық тудырмаса, ҚҚС-қа байланысты баға өсімі мен жалақының төмендігі туралы посттар кенеттен мыңдаған қаралым мен жүздеген пікір жинай бастаған.

Осындай динамика asellmoon1234 аккаунтында да байқалады. Автор алғашқы тредін былтыр тамыз айында жариялап, үкіметке баға өсімі бойынша сауал жолдаған. Аталған жазба төрт мыңнан астам лайк жинаса, жеке сипаттағы посттары назарсыз қалған. Содан бері ол тауарлардың қымбаттауы мен медицина қызметкерлерінің жалақысы тақырыбына тұрақты түрде оралып келеді. Бұл жазбалар аудитория тарапынан үнемі жоғары қызығушылық тудырады.

Өмір сапасына қатысты шағымдар жазылған посттардың тағы бір ортақ белгісі бар. Онда баға өсімі орын алып қойған факт ретінде беріледі, бірақ нақты деректер келтірілмейді. Фото немесе видео тіркелген күннің өзінде, өткен айлармен салыстырмалы мәліметтер ұсынылмайды. Нәтижесінде мұндай тұжырымдар дәлелсіз күйінде қалады.

Сондай-ақ мұнда ұғымдардың әдейі алмастырылуы байқалады. Салық реформасын талқылау нақты, бірақ әртүрлі себептерге байланысты болған баға ауытқуларымен араласып кетеді. Кез келген қымбаттау автоматты түрде ҚҚС-қа телінеді де, өзге ықтимал факторлар қоғамдық талқылаудан тыс қалады.

Ең алаңдататыны — мұндай жазбаларда авторлардың халықтың көңіл күйін әдейі қоздырып отырғаны. ҚҚС-тың 16 пайызға өсуі экономикалық тақырып емес, қоғамның тұрақтылығына төнген қауіп ретінде көрсетіледі. Мәтіндерде өткен дағдарысты кезеңдерге меңзеу жиі ұшырасады. Оқырман біртіндеп «шығатын жол — наразылық» деген ойға жетелейді. Яғни мұндай пост авторлары адамдарды эмоцияға беріліп, қоғамдық толқулар мен тәртіпсіздікке итермелеуді көздеуі мүмкін.

Жалпы, әлеуметтік желілердегі соңғы белсенділіктің едәуір бөлігі жасанды түрде қалыптастырылған манипуляцияның нәтижесі екені байқалады. Бұл үдерісті анонимді және фейк аккаунттар жүйелі түрде қолдап отырған.

Барлық жаңалық