🌐 Әлем

Әлемде әрбір сегізінші адамның психикалық денсаулығында мәселе бар 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жаңа есебінде қазіргі таңда әлемде 1 миллиардтан астам адам психикалық денсаулыққа қатысты қиындықтарға тап болғаны айтылды. Бұл қатарға депрессия, үрейлі жағдайлар және түрлі психоэмоциялық бұзылыстар кіреді, деп жазады Ozgeris.info.

Ұйымның мәліметінше, бұл мәселе тек адамның жеке өміріне ғана емес, экономикаға да үлкен салмақ түсіріп отыр:

«Психикалық бұзылыстар тұрақты мүгедектіктің екінші себебі саналады және адамның өміріндегі сапалы жылдарды айтарлықтай азайтады. Олар жеке азаматтар мен отбасының шығындарын көбейтеді және жаһандық экономикаға үлкен зиян келтіреді», делінген ДДСҰ баяндамасында.

Зерттеулер көрсеткендей, мұндай сырқаттар жасқа да, әлеуметтік жағдайға да тәуелді емес – олар барлық елдерде кең таралған. Әйелдер арасында жиірек кездесетіні де анықталған.

Экономикалық тұрғыдан шығын көлемі де алаңдатарлық. Тек депрессия мен үрейлі жағдайлардың өзінен әлемдік экономика жыл сайын шамамен 1 триллион доллар жоғалтады. Бұл шығынның негізгі бөлігі еңбек өнімділігінің төмендеуімен байланысты.

ДДСҰ ел үкіметтерін психикалық денсаулық саласын күшейтуге шақырады. Ұйымның ұсынысына сәйкес, бұл бағытта:
    •    психиатриялық қызметтерді әділ қаржыландыру;
    •    адам құқықтарын қорғауға бағытталған заңдарды жетілдіру;
    •    мамандар даярлауға тұрақты инвестиция салу;
  •    психикалық көмекке қолжетімділікті кеңейту және қоғамдағы стигманы азайту қажет.

Мамандардың пікірінше, психикалық денсаулық мәселесі тек жеке адамдарға ғана емес, қоғам мен экономиканың тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.

Барлық жаңалық