Қоғам

Әлем назарындағы көрме. Қазақстан павильоны шетелдік басылымдардың үздіктер қатарына енді

Әлем назарындағы көрме. Қазақстан павильоны шетелдік басылымдардың үздіктер қатарына енді

Венецияда өтіп жатқан 61-ші Халықаралық өнер көрмесіндегі Қазақстанның ұлттық павильоны халықаралық медиа мен өнер сыншыларының назарын аударып, биылғы басты мәдени алаңдардың біріне айналды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ашылған бұл жоба қазірдің өзінде бірнеше беделді шетелдік басылымның арнайы іріктеуінен өткен.

Отандық экспозицияны Италияның саяхатқа арналған Dove басылымы 2026 жылғы биенналеде міндетті түрде тамашалауға тиіс 8 орынның қатарына қосты. Сонымен қатар Еуропаның Sutton, Әзербайжанның NARGIS, Таяу Шығыстың Canvas Magazine және Италияның Il manifesto сияқты ықпалды ақпарат құралдары да қазақстандық шеберлердің еңбегін жоғары бағалап отыр.

«Қазақстан павильоны – Биенналедегі ең тыныш әрі көрерменді өз әлеміне жетелейтін кеңістіктердің бірі. Әскери-теңіз тарихи музейінің залдарында Венецияның қарбалас дыбыстары біртіндеп қазақ даласының үндеріне жол береді. Бұл – адамды баяулап, айналасындағы үнге құлақ түруге шақыратын ерекше сезімдік саяхат», — деді Dove журналының редакторлары.

Биылғы ұлттық павильонда тарихи жады мен дала мәдениетінің ішкі үніне арналған «Qoñyr Тыныштық мұрағаты» жобасы ұсынылып жатыр. Көрме қараша айының 22-сіне дейін жалғасады және оны күн сайын 1000 шамасында адам келіп көреді.

Жалпы ұлттық өнерді қолдау мақсатында Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық қоры бұған дейін Қызылорда, Атырау және Абай облыстарында мұражайлар мен кітапханалар салып, Ә.Қастеев музейін жаңартуға, сондай-ақ Ақтөбе, Орал және Петропавл қалаларында креатив орталықтар ашуға жәрдемдескен еді.

Барлық жаңалық