Қазақстандық теннисші Александр Бублик (11) Internazionali BNL d’Italia турнирінің үшінші айналымында америкалық Лернер Тьенге (21) үш сетте 6:4, 3:6, 5:7 есебімен есе жіберді, еп хабарлайды Ozgeris.info сайты BAQ.KZ-ке сілтеп.
Матчтың алғашқы геймінде-ақ брейк жасаған қазақстандық теннисші артынша америкалық қарсыласына екі брейк-пойнтқа мүмкіндік берді. Алайда осыдан кейін Бублик қарсыласына қайта брейк жасауға жол берген жоқ. Александр алғашқы сетболын сәтті пайдаланып, бірінші сетті 6:4 есебімен аяқтады.
Екінші сетте екі гейм шешуші рөл атқарды. 2:3 есебімен ұтылып жатып, өз добын берген сәтте 40:0 есебімен алда тұрған Бублик қатарынан төрт ұпайды жіберіп алды. Осыдан кейін ашуға булыққан қазақстандық ракеткасын сындырып, төрешіден ескерту алды. Сондай-ақ бапкерлеріне қарап: «Неге ол бәріне үлгеріп, мүлт кетпейді?» – деп ренішін білдірді.
Артынша қарсыласының добын қабылдау кезінде 40:15 есебімен алда тұрғанына қарамастан, сол геймде де жеңіліп қалды. Нәтижесінде 2:5 есебі 3:6-ға айналып, сеттердегі есеп теңесті – 1:1.
Шешуші сетте қазақстандықтың ойыны мүлде жүрмей кетті. Алғашқы добы дәл түспеді, дроп-шоттары іске аспады, ал ұзақ розыгрыштарда Лернер Александрды әбден титықтатты. Оның үстіне америкалық көп жағдайда сол ұпайларды өзі жеңіп алып отырды.
Жетінші геймде өз добын ұтылып қалған Бублик оныншы геймде бар күшін салып, керемет камбэк жасап, брейкті қайтарды – 5:5. Бірақ көп ұзамай тағы да өз добында сәтсіздікке ұшырады.
Кенеттен күшейген жаңбыр қазақстандық теннисшінің жеңілісін қорытындылағандай болды – 6:4, 3:6, 5:7. Матч 2 сағат 17 минутқа созылды.
Бублик эйс саны бойынша қарсыласынан басым түсті – 8:3. Алайда жалпы ұпай саны бойынша америкалық теннисші алда болды – 102:96.