Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігіне қатысты өткір пікір білдірді. Оның айтуынша, халық жарна төлеп отырса да, толыққанды медициналық қызмет ала алмай келеді деп жазады Оzgeris.info.
Депутат журналист қойған сұраққа жауап бере отырып, аймақтарда дәрінің жетіспеуі, қажетті құрылғылардың болмауы жүйенің дұрыс жұмыс істемейтінінің дәлелі екенін айтты.Зайытовтың сөзінше, халықтан қаржы талап етпес бұрын, ең алдымен медицина саласының кемшіліктерін жөндеу қажет.
«Біз бұл мәселені бұрын да айттық. Медицинадағы міндерді түзетпей жатып, халықтан төлем талап ету үйге су тартылмай жатып, сол судың ақшасын сұрағанмен бірдей. Үйіңізге су келмейді, бірақ ақша сұрай береді. Қашанға дейін осылай жалғасады?», — деді ол.
Депутат МӘМС жүйесіне белгілі бір түзетулер енгізілгенін, алайда сала министрлігінің нақты ынтасы болмаса, маңызды өзгерістер жүзеге аспайтынын атап өтті.
«Жүйе толық жетілмейінше, қандай да бір оң өзгеріске сену қиын», — деді Зайытов.
Сонымен қатар, ол Қазақстан медицинасының жалпы деңгейіне баға берді. Бес балдық шкала бойынша қандай баға қоятыны сұралғанда, Зайытов қазіргі жағдай «екіден» аспайтынын жеткізді. Оның пікірінше, нөл немесе бір деп айтуға болмайды, бірақ қазіргі жүйе халықтың сенімін толық ақтап отырған жоқ.