Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаев, оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа және жиені Мадияр Қалменовқа қатысты сот процесі басталды. Айыптау тарапы Боқаевтың бірқатар әрекетін құрылыс нысандарындағы мүлікті ұрлауды ұйымдастыру және қаржыландырумен байланыстырып отыр. Істегі барлық мән-жайды енді сот бағалайды, деп жазады Ozgeris.info сайты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауды ұйымдастырып, оны қаржыландырған болуы мүмкін. Кейін болған оқиғаларға қатысты бейнематериалдар жарияланып, олар өзге адамдар тарапынан жасалған заң бұзушылық ретінде көрсетілген деген болжам айтылып отыр.
Айыптардың арасында аса ірі мөлшердегі алаяқтық та бар.
Сонымен бірге тергеу қаржы қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру және кейін оны АҚШ-тағы бизнеске салу ықтималдығын да тексеріп жатыр. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Санжар Боқаев бұл схемада негізгі рөл атқаруы мүмкін.
Алайда аталған жайттардың барлығы әзірге айыптау мен тергеу нұсқасы болып табылады. Олардың дәлелділігіне және сотталушылардың кінәсіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.
Сот отырысына Боқаевты қолдаушылар да келген. Таратылған мәліметтерде олардың арасында түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, шетелдік гранттық жобаларға қатысушылар және ЛГБТ қауымдастығының өкілдері болғаны айтылады.
Аян Шәріпбаев Боқаевтың бұрынғы қызметін еске салды
Алматыда сот процесі басталған тұста журналист Аян Шәріпбаев Facebook парақшасында Санжар Боқаевтың бұрынғы қызметіне, мемлекеттік құрылымдардағы жұмысына және саяси байланыстарына қатысты көлемді жазба жариялады.
Журналист Боқаав қоғамдық белсенді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәлімдемелер жасағанға дейін Алматы әкімдігінде басшылық қызметтер атқарғанын, кейін «Нұр Отан» партиясында, одан соң «ҚазТрансГазда» жұмыс істегенін еске салды.
Шәріпбаев әсіресе Боқаевтың Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасындағы қызмет кезеңіне назар аударды. Оның пікірінше, дәл сол уақытта тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасалған.
«Оппозицияда жүрген жылдарының ішінде ол бизнесі мен тағдырына зиян келген журналистерден бірде-бір рет ашық кешірім сұраған жоқ және цензураның ішкі механизмін де ашып айтпады», – деп жазды журналист.
Аян Шәріпбаев Боқаевтың саяси мансабын Кәрім Мәсімов пен Бағлан Майлыбаев мемлекеттік аппаратта ықпалды қызметтер атқарған кезеңмен байланыстырады.
Журналистің пайымдауынша, Боқаевтың Алматыдағы қызметі сол кездегі ақпараттық саясатты басқару жүйесінің бір бөлігі болған.
Шәріпбаев Боқаевты бұрын бірнеше рет сұхбатқа шақырып, оның мемлекеттік қызметтегі кезеңіне қатысты сұрақтар қойғысы келгенін де айтты.
«Мен оны осы сұрақтарды қою үшін студияға талай рет шақыруға тырыстым. Өйткені ол өз алдына бір құбылыс. Ешқашан идеялық тұрғыдан жалғыз жүрген адам болған емес», – деп жазды ол.
Журналист Боқаевтың зерттеулерінің тақырыптарына да сұрақ қойды
Шәріпбаев өз жазбасында Боқаевтың кейінгі жылдары жариялаған қоғамдық зерттеулеріне де тоқталып, олардың тақырып таңдауына қатысты мәселе көтерді.
Оның сөзінше, Боқаев бұрын өзі жұмыс істеген немесе саяси ортасына жақын болған тұлғаларға қатысты бірқатар тақырыпты қозғамаған.
«Бірақ одан Қайрат Шәріпбаевтың «ҚазТрансГаздағы» схемалары, Дариға Назарбаеваның активтері, Нұрәлі Әлиевтің монополиялары немесе Ахметжан Есімов кезінде Алматы жерлері мен ЭКСПО қаражатының қалай бөлінгені туралы зерттеуді көрмейсіз», – деп жазды журналист.
Шәріпбаев осы арқылы Боқаевтың жария зерттеулерінің таңдаулы сипатта болған-болмағаны жөнінде сұрақ қояды.
Сонымен бірге журналист қазіргі қылмыстық істің Боқаевтың бұрынғы іскерлік немесе саяси байланыстарымен қатысы болуы мүмкін деген болжамын да білдірген.
Алайда бұл тұжырымдар Аян Шәріпбаевтың жеке бағасы мен болжамы екенін атап өткен жөн. Олар сот анықтаған немесе дәлелденген мән-жайлар болып саналмайды.
Сот істегі айыптар мен дәлелдерді бағалайды
Қазіргі таңда Санжар Боқаев пен оның видеографы Ұлан Нүсіпқожаға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Айыптау тарапы құрылыс нысандарындағы мүлік ұрлығы, оны ұйымдастыру және қаржыландыру, кейін сол оқиғаларды бейнематериалдар арқылы басқаша көрсету, аса ірі көлемдегі алаяқтық, сондай-ақ қаржының қолма-қол ақшаға айналдырылып, АҚШ-тағы бизнеске салынуы мүмкін деген нұсқаларды қарастырып отыр.
Ал Боқаевтың бұған дейін мемлекеттік құрылымдарда және «ҚазТрансГазда» жұмыс істеуі, оның сол кезеңдегі қызметі мен кейінгі қоғамдық белсенділігіне қатысты пікірталас сот процесінің басталуымен қайта жанданды.
Ендігі жерде тергеу келтірген дәлелдер мен айыптардың негізділігіне сот құқықтық баға береді. Соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін аталған тұлғаларға қатысты тағылған айыптар дәлелденген факт болып саналмайды.