2026 жылдың 20 наурызында әлеуметтік желілерде Айнұра Нарзиева атты модельге актер Асқар Жұмабектің күш көрсетпек болып, ауыр сөздермен балағаттаған видеосы тарады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Айнұра Нарзиеваның айтуынша бұл оқиға түсірілім жұмыстары кезінде орын алған. Видеодағы көрініске оқырмаңдар наразылық танытып, бойжеткеннің өзі қатты күйзеліске түскенін жазған.
Ал бүгін 2026 жылдың 21 наурызында Алматы қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі Асқар Жұмабектің полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде таралған ер адамның агрессивті әрекеті бейнеленген бейнежазбаға байланысты Медеу ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізді. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, құқық бұзушы полиция бөліміне жеткізілді. Азамат А.-ға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды", - Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі
Тексеру барысында оның қоғамдық орында өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтып, азаматшаға құрметсіздік танытқаны анықталды, – дейді полиция қызметкерлері.
"Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушыға 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Айта кету керек, қоғамдық тәртіпті бұзу, айналадағы адамдарға құрметсіздік көрсету және кез келген агрессия көріністері заң аясында тиісті құқықтық баға алады. Жаза бұлтартпастығы – Заң мен Тәртіптің басты қағидаты", - делінген ресми хабарламада.