Қоғам

«Әкеме үкім шығарып қойды»: Жетісайдағы ақсақалдың қызы Президенттен көмек сұрады

«Әкеме үкім шығарып қойды»: Жетісайдағы ақсақалдың қызы Президенттен көмек сұрады

Түркістан облысының Жетісай қаласындағы тойда діни уағыз айтып, әншілер мен әйелдерге тіл тигізгені үшін қамауға алынған 66 жастағы ақсақалдың қызы Наргиза Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бейнеүндеуде ол әкесінің радикал емес екенін айтып, бұл жағдайға әділ құқықтық баға берілуін сұраған.

 «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Менің есімім Наргиза. Мен өз қарындасының тойында исламдағы музыканың орны туралы және басқа да өз пікірлерін білдірген сол ақсақалдың қызымын. Менің әкем ешқашан радикал болған емес. Ол ешқашан экстремизмге шақырмаған, ешқандай діни топтар құрмаған және мемлекет пен қоғамға қарсы бағытталған идеяларды үгіттемеген. Әкем бізді әрқашан заңды өкіметті құрметтеуге және мемлекетке қарсы шықпауға үйретті. Ол ешқашан бағынбауға, билікпен қақтығысуға немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған емес. Сөзімнің соңында Сізге жеке өтініш білдіргім келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жүздеген адамдар, оның ішінде блогерлер мен танымал қоғам өкілдері, әкемнің өмір жолын, оқиғаның мән-жайын және ол бастан кешірген ауыр сындарды білмей тұрып, бұл бейнежазбаны таратып, оны алдын ала айыптауда. Көбісі балағат сөздер мен қорлау сөздерін қолданып, әкемнің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіріп жатыр. Көптеген адамдар обьективті тергеу нәтижелерін де күтпестен, өздері үкім шығарып қойған. Сізден құзыретті мемлекеттік органдарға осы әрекеттерге тиісті құқықтық баға беру туралы тапсырма беруіңізді сұраймын», - деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісайдағы тойлардың бірінде белгісіз ер адамның жиналған қауымға «музыка шайтанның әуені» деп уағыз айтып, әншілер мен әйелдердің дастархан басында отыруын сынға алған видеосы тараған болатын. Кейіннен полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, қамауға алды.

 

Барлық жаңалық