💰 Экономика

Айлық 1 млн болса да, несиеге шектеу бар

Айлық 1 млн болса да, несиеге шектеу бар

Енді несие беру тәртібіне жаңа шектеу енгізу жоспарланып отыр. Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп, қарыз алушының табысы мен қарызының арақатынасын реттейтін жаңа құрал – қарыз жүктемесінің коэффициентін (ҚЖК) енгізуді көздеді, деп жазады Ozgeris.info.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл көрсеткіштің қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, банктерге табысқа сай келмейтін ірі несиелерді беруге шектеу қойылатынын мәлімдеді. Жаңа механизмнің мәні – азаматтардың қарызы олардың нақты табысынан бірнеше есе асып кетпеуін қамтамасыз ету. Бұған дейін банктер көбіне төлем қабілетіне формалды түрде қарап, ірі несиелерді де бере беретін болса, енді ҚЖК бұл үдерісті қатаң бақылауға алады. Яғни, қарыз алушының жалпы несиелік міндеттемесі оның табысына нақты байланыстырылмақ. Ұлттық банк төрағасы бұл тетіктің қалай жұмыс істейтінін нақты мысалмен түсіндірді:

«Қазір жобада айлық есептік көрсеткішке (мемлекет жыл сайын белгілейтін қаржылық өлшем бірлігі) байланысты түрлі нұсқалар қарастырылып жатыр. Коэффициенттің мәні мынада: егер сіздің ай сайынғы табысыңыз, мысалы, бір миллион теңге болса, ал белгіленген ҚЖК – 1-ге 6 (жылдық табысқа қатысты) болса, онда сіз осы межеден асатын несие ала алмайсыз», деді Тимур Сүлейменов.

Picture background

Бұл жерде есеп қарапайым. Ай сайын 1 миллион теңге табыс табатын азаматтың жылдық табысы 12 миллион теңгені құрайды. Егер осы табысқа 1:6 коэффициенті қолданылса, онда оның жалпы қарызы 72 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұрыннан бар ипотека немесе автонесие сомасы осы межеге жақындаса, жаңа несие алу мүмкіндігі шектеледі. Регулятордың айтуынша, бұл шектеу ең алдымен азаматтардың өздерін қорғауға бағытталған. Соңғы жылдары тұтынушылық несие көлемі айтарлықтай өсіп, кейбір азаматтардың табысынан бірнеше есе көп қарызға батуы жиілеген. Мұндай жағдайлар кейін төлем қабілетсіздікке, яғни дефолтқа әкелуі мүмкін.

 

«Қаржылық сауаттылық пен жеке қаржыны басқару тұрғысынан бұл – дұрыс қадам. Егер адамның табысы 200 мың теңге болса, ол 50 миллион теңге көлемінде несие алмауы керек. Банк те мұндай қарызды бермеуі тиіс, өйткені клиенттің оны өтеуге шамасы жетпейтіні анық», деп түсіндірді бас банк басшысы.

Picture background

Осылайша, жаңа коэффициент тек қарыз алушыларға ғана емес, банктерге де жауапкершілік жүктейді. Қаржы ұйымдары енді клиенттің табысын ескермей, шамадан тыс несие берсе, тәуекелге өздері барады. Сондықтан ҚЖК банктердің несие саясатын да қайта қарауға мәжбүрлейді. Сонымен қатар Ұлттық банк бұл реформаны бірден қатаң енгізуге асықпайтынын мәлімдеді. Қазіргі таңда тұтынушылық несиелеуді біртіндеп шектеу, яғни нарықты «салқындату» шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл саясат белгілі бір нәтиже беріп отырғаны да айтылды.

 

«ҚЖК – өте күрделі әрі ауқымды мәселе. Біз асығыс шешім қабылдағымыз келмейді. Қазіргі таңда тұтынушылық несиелеуді жоспарлы түрде баяулату шаралары өз нәтижесін беріп жатыр. Біз дәл сол күткен динамиканы көріп отырмыз. Енді ең бастысы – банктердің жұмысын толық тоқтатып алмау. Сондықтан ҚНРДА-мен бірге бұл саясатты өте мұқият жүргізуіміз қажет», деді Ұлттық банк төрағасы.

 

Жаңа талаптардың халықтың түрлі табыс деңгейіне қалай әсер ететіні әзірге толық анықталған жоқ. Әсіресе айына шамамен 300 мың теңге табыс табатын азаматтарға қатысты нақты есептер әлі пысықталу үстінде. Дегенмен сарапшылар мұндай шектеулер орта табысты азаматтардың несие алу мүмкіндігін азайтуы мүмкін екенін айтады.

 

Жалпы алғанда, ҚЖК енгізу арқылы мемлекет екі мақсатты көздеп отыр. Біріншісі – қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау. Екіншісі – азаматтарды шамадан тыс қарыз жүктемесінен қорғау. Алайда бұл тепе-теңдікті сақтау оңай болмайды. Себебі бір жағынан несиеге қолжетімділік шектелсе, екінші жағынан халықтың тұтыну мүмкіндігі төмендеуі ықтимал.

Сондықтан алдағы кезеңде бұл бастама қоғам мен қаржы нарығы үшін маңызды сынақ болмақ. Қарыз жүктемесінің коэффициенті нақты қалай енгізілетіні және оның шекті деңгейі қандай болатыны – қазір ең өзекті сұрақтардың бірі.

Барлық жаңалық