Алматы облысы

Әйелін ат құйрығына байлап өлтірген талдықорғандықтың соты басталды

Әйелін ат құйрығына байлап өлтірген талдықорғандықтың соты басталды

27 қараша күні Талдықорған қаласында Айзат Жұманованың өліміне байланысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Істе айыпталушы ретінде марқұмның күйеуі танылды. Тергеу нұсқасы бойынша, ер адам әйелін қатты азаптап, соққы салдарынан қайтыс болуына себеп болған, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты NewTimes.kz сайтына сілтемемен.

 

Прокурор сот отырысында айыптауды оқып берді.Оның айтуынша, 2025 жылдың маусымында Жанболат (Айзаттың күйеуі) әйелінің біреумен сөйлесіп жатқанын байқап, телефонындағы хабарламаларды көрген. Ол кіммен сөйлескенін сұрағанда Айзат жауап бермеген. Сол сәтте күйеуі оның телефонын сындырып, Айзат та өз кезегінде күйеуінің телефонін бүлдірген. Осы оқиғадан кейін екеуі шамамен 10–15 күн бойы телефонсыз жүрген және бір-бірімен сөйлеспеген.

 

Прокурордың айтуынша, кейін Жанболат мал бағу үшін тауға кеткен, бірақ қайта оралғанда жанжал қайта қайталанған.

 

«Үйге келгенде ол әйелінің қайта біреумен сөйлесіп тұрғанын көрген. Сұрағанында Айзат жауап бермей, үйге кіріп кеткен. Сол кезде Жанболат ашуланып, мотоциклге мініп дүкенге барып, 7–8 бөтелке сыра сатып алып ішкен. Үйге оралғанда әйелінің сөйлескенін есіне алып, қызғанышқа беріліп, оны өлтіруге шешім қабылдаған», – деді айыптау тарабы.

 

Прокурордың мәліметі бойынша, оқиға 22 маусым күні түскі шамамен 12-де болған.

 

«Мас күйде және спорттық дайындығының арқасында дене күші басым екенін пайдаланып, ол Айзатты үйден сыртқа шығарып, денесінің әр бөлігін бірнеше рет ұрған. Сол кезде Айзат айқайлап, жылап, “ұрыппа” деп өтінген. Бірақ Жанболат тоқтамай, басына бірнеше ауыр соққы беріп, есінен тануына себеп болған. Тіпті Айзат ес-түссіз жатқанда да соққыларын жалғастырып, ауыр жарақаттар келтірген. Кейін өз әрекетінің ауыр салдарын түсініп, жедел жәрдем шақырған. Алайда, ауруханаға жеткізілген кезде Айзат жансақтау бөлімінде қайтыс болды», – деді прокурор.

 

Еске салсақ, бұл қайғылы оқиға Ақсу ауданының Баласаз ауылында орын алған. 32 жастағы Айзат Жұманова жан түршіктірер жағдайда қаза тауып, туыстары оның өліміне күйеуі Айбар Жанболат кінәлі деп санайды.

Барлық жаңалық