Ауғанстан билігі университеттерде әйелдер жазған кітаптарды оқытуға ресми түрде шектеу қойды. BBC мәліметінше, оқу бағдарламаларынан барлық әйел авторлардың еңбектері алынып тасталды, деп жазады Ozgeris.info.
Талибан үкіметі «шариғатқа қайшы» деп 18 пәнді де оқытудан шығарған. Олардың қатарында адам құқықтары мен жыныстық қудалау тақырыптары бар. Барлығы 679 кітапқа тыйым салынса, соның 140-ы әйелдерге тиесілі.
Талибан өкілі бұл шешімді растады. Ал жазушы Закия Аделей мұндай әрекетке таңғалмайтынын айтып, «әйелдердің оқуына тыйым салған қоғам олардың идеясына да қарсы шығады» деді.
Сарапшылар мұндай қадам елдің интеллектуалдық дамуын тежеп, гендерлік теңсіздікті одан әрі күшейтетінін ескертуде.