Қазақстан азаматтарды әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттары бойынша өңірдегі жетекші елдердің қатарында. Мұндай қорытындыға экономист Айдархан Құсаинов Қазақстандағы негізгі әлеуметтік төлемдердің мөлшерін бірқатар көршілес және салыстыруға келетін мемлекеттердің көрсеткіштерімен салыстыра отырып келген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Экономистің айтуынша, ол мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақыларды, бала туғанда және бала күтіміне байланысты отбасыларға көрсетілетін қолдауды, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдерді талдаған.
«Әлеуметтік қолдаудың негізгі өлшемдері мен бағыттары бойынша, тіпті өңірді кең мағынада алып қарасақ та, біз шынымен ең жоғары қолдау көрсететін елдердің қатарындамыз», – дейді Құсаинов.
Экономист негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде мүгедектігі бойынша төленетін жәрдемақы мөлшерін атайды. Қазақстанда 2026 жылы жалпы ауру салдарынан мүгедектігі бар азаматтарға I топ бойынша 111 873 теңге, II топ бойынша 89 498 теңге, III топ бойынша 61 022 теңге төленеді.
Құсаинов келтірген өңір және посткеңестік кеңістіктегі бірқатар мемлекеттермен салыстыруға сәйкес, Қазақстан бұл төлемдердің мөлшері жағынан алдыңғы қатарда тұр. Жекелеген санаттар бойынша бұдан жоғары көрсеткішті экономист тек Беларусьтен атап өтеді.
Экономистің пікірінше, бала дүниеге келген кезде көрсетілетін қолдауды салыстыру одан да айқын көрініс береді.
Қазақстанда 2026 жылы бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 164 350 теңгені құрайды. Төртінші және одан кейінгі балалар дүниеге келгенде 272 475 теңге төленеді.
Құсаинов келтірген есеп бойынша, осыған ұқсас біржолғы төлем Ресейде шамамен 149 мың теңге, Тәжікстанда 28 мың теңге, Өзбекстанда 29,7 мың теңге, Қырғызстанда 21,5 мың теңге, Әзербайжанда шамамен 158 мың теңге көлемінде.
Ал Беларусьтегі төлем мөлшері жоғары. Экономистің есебінше, теңгеге шаққанда бірінші бала туған кезде шамамен 790 мың теңге, екінші және одан кейінгі балалар дүниеге келгенде 1,1 млн теңгеге жуық жәрдемақы беріледі.
Осылайша, бала тууына байланысты біржолғы қолдау мөлшері бойынша Қазақстан Құсаинов салыстырған көршілес мемлекеттердің басым бөлігінен едәуір алда.
Сонымен қатар отбасыларға көрсетілетін көмек біржолғы төлеммен шектелмейді.
Қазақстанда жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. 2026 жылы оның мөлшері бірінші балаға 24 912 теңгеден басталып, төртінші және одан кейінгі балаларға 38 493 теңгеге дейін жетеді. Ал жұмыс істейтін ата-аналар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бұрынғы табыс көлеміне байланысты жеке әлеуметтік төлем қарастырылған.
Құсаинов келтірген деректерге сәйкес, Ресейде де бала күтіміне байланысты төлемдер қарастырылған және олардың мөлшері жалақыға байланысты болуы мүмкін. Ал Тәжікстанда, Өзбекстанда және Әзербайжанда ол қарастырған форматқа сәйкес келетін осындай қолдау тетігі жоқ. Қырғызстанда төлем мөлшері айтарлықтай төмен.
Экономист көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдауды да жеке атап өтеді.
Қазақстанда мұндай жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады. 2026 жылы төрт баласы бар отбасы ай сайын 69 330 теңге, бес балалы отбасы 86 673 теңге, алты баласы бар отбасы 104 017 теңге, жеті балалы отбасы 121 360 теңге алады. Сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға 17 300 теңгеден төленеді.
Құсаиновтың салыстыруынша, көршілес мемлекеттердегі тәсіл айтарлықтай өзгеше. Ресейде, Тәжікстанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда осыған ұқсас қолдау шаралары көбіне табысы төмен отбасыларға бағытталған. Ал Әзербайжанда жеке төлем бес және одан көп баласы бар отбасыларға қарастырылған.
Экономистің пікірінше, әлеуметтік қолдаудың нақты деңгейін бағалауда бір ғана төлемге емес, осындай шаралардың жиынтығына назар аудару қажет. Яғни мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, бала дүниеге келген кездегі көмек, бала күтімі кезеңіндегі төлемдер және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды кешенді түрде қарастырған жөн.
«Қазақстан өз азаматтарын қолдайды және әлеуметтік қолдау деңгейі бойынша көршілес әрі салыстыруға келетін елдердің көбінен де жоғары деңгейде көмек көрсетеді», – деп түйіндеді Айдархан Құсаинов.