Жаңалықтар

Аида Балаева жастарды құттықтады

Аида Балаева жастарды құттықтады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық жастар күніне орай қазақстандық жастарды құттықтады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Министр жастарды елдің басты жасампаз күші деп атап, Қазақстанда 5,8 миллионнан астам жас азамат тұратынын айтты. Бұл ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды. Оның айтуынша, мемлекеттің болашағы жастардың біліміне, білігіне, азаматтық ұстанымы мен бастамашылдығына тікелей байланысты.

Аида Балаева жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды өркендету және инновацияны қолдау мемлекетті дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалғанын атап өтті. Бұл жастарға жаңа мүмкіндіктер берумен қатар, оларға артылған жауапкершіліктің де жоғары екенін көрсетеді. Ендігі міндет — осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білім мен еңбекті серік етіп, Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыру екенін айтты.

Бүгінде жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, баспана алуына және қоғамдық бастамаларға араласуына қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, "Наурыз" және "Отау" жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас мемлекеттік қолдауға ие болған. Өңірлік тұрғын үй бағдарламалары аясында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болды. Ал биыл "Жасыл ел" жобасы бойынша 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.

Жастардың тың бастамаларын қолдауға бағытталған "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты мен өз саласында үздік нәтиже көрсеткен жастарға берілетін мемлекеттік "Дарын" сыйлығы да өз нәтижесін беріп келеді.

Сонымен қатар елімізде 400-ден астам жастар ұйымы мен 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жастардың әлеуетін ашып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Министр жастардың цифрлық даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу үдерісіндегі рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, жаңа технологияларды меңгеріп, тың идеялар ұсынып, отандық ғылым мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту арқылы жастар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қоса алады.

Құттықтауында Аида Балаева жастардың ел өміріне белсенді араласуы маңызды екенін атап өтіп, олардың білімін, жігері мен жаңалыққа ұмтылысын Қазақстанның болашағына салынған ең үлкен капитал деп бағалады.

– Алда еліміз үшін аса маңызды тарихи кезең – Құрылтай сайлауы тұр. Партиялық тізімдерде жас кандидаттардың аз емес екені ерекше қуантады. Бұл жастардың азаматтық белсенділігі артып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға және мемлекет дамуына тікелей атсалысуға дайын екенін көрсетеді – деді ол.

"Біз сіздерге сенеміз, жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз және әрбір игі бастамаларыңызды қолдаймыз", – деді Аида Балаева.

Барлық жаңалық