📰 Сарапшылар пікірі

АИ 92 қымбаттай ма?

АИ 92 қымбаттай ма?

Жалпы,  бензин бағасы бір орында тұрған емес. Кейінгі жылдары үкімет жанармайды мүмкіндігінше қолжетімді ұстауға тырысып келді. Дегенмен сарапшылар бұл саясат ұзаққа бармайтынын айтады. Кез келген шектеудің өзінің уақыты бар. Экономист және қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бұл туралы Qaz365.kz басылымына берген сұхбатында айтты, деп жазады Ozgeris.info. 

Оның пікірінше, бағаны уақытша ұстап тұру халықты бірден қиын жағдайға түсірмеу үшін жасалған. Бірақ бұл мәңгі жалғасатын жол емес.

«Бұл тек өткінші кезең. Үкімет адамдарға біртіндеп түсіндіруге тырысып отыр. Уақыт өте бағаны босатуға тура келеді. Қоғамда сенім мәселесі бар. Көп адам билікке күмәнмен қарайды. Міне осы кедергіні де еңсеру керек», деді экономист.

Ол Қазақстанның басқа елдер секілді ішкі нарықты шексіз субсидиялай алмайтынын түсіндірді. Әсіресе мұнай өңдеу саласы дамыған мемлекеттермен салыстыру қиын. Мысал ретінде ол Әзербайжанды айтты. Онда SOCAR компаниясы сыртқы нарықта да белсенді жұмыс істейді.

«SOCAR шетелде мұнай өңдейді. Басқа елдерде бензин сатады. Тапқан табысын елге қайтарады. Егер біздің ұлттық компания сондай деңгейде жұмыс істесе, біз де ішкі бағаны ұстап тұра алар едік. Бірақ бізде өндіріс тек ел ішінде. Оның үстіне дизельдің үлкен бөлігі көрші елге заңсыз кетіп жатыр», деп түсіндірді ол.

Сарапшының айтуынша, бағаларды жасанды ұстап тұру қызметкерлердің еңбегіне де әсер етеді. Мұнай өңдеу зауыттарында да қарапайым адамдар еңбек етеді.

«Зауыттағы адамдар да лайықты жалақы алғысы келеді. Неге біреу аз ақшаға жұмыс істеуі керек. Тек бензин арзан болу үшін ме? Бұл әділ емес» деді Р. Рысмамбетов.

Сарапшының пікірінше, шектеу қою арқылы мәселе шешілмейді. Бұл тек уақытты созады. Ертең жүйе көтере алмай қалса, баға күрт өсіп кетуі мүмкін. Ол оны экономиканың табиғи заңдылығы деп түсіндіреді.

«Бір күні жүйе шыдамайды. Сол кезде мамандарды ұстап қалу үшін өте көп қаражат жұмсауға тура келеді. Әділ жалақы мен әділ баға қатар жүруі керек. Мен блогер емеспін. Міндетім шу шығару емес. Бағаны есеп арқылы қою керек. Мемлекет пен бизнес қандай шығын көріп отыр. Соның бәрін нақты білу керек. Саяси ұпай жинау үшін жасалған шешімдер әрқашан дағдарысқа апарады»,деді сарапшы.


Сарапшы сонымен бірге еңбекке әділ ақы төлеудің маңызды екенін айтты. Әр отбасы лайықты табысқа ие болуға тиіс. Бұл базалық қағида.

«Қазақстандағы әр адам табысы анасына, әкесіне, балаларына жететіндей болуы тиіс. Егер табыс жеткіліксіз болса, бағаны ұстап тұруды талап ету дұрыс емес. Өйткені жалақы да сол түсетін табыстан қалыптасады. Бензин де, бидай да, ет те сондай. Егер бірден жиырма мың қызметкерді қысқартсақ, мыңдаған отбасы табыссыз қалады. Сондықтан мұндай өзгеріс біртіндеп жүруі керек. Қайта оқыту, қолдау шаралары болуы тиіс», деді Рысмамбетов.

Барлық жаңалық