Жақында ғана жүкті екенін жеткізіп анасынан сүйінші сұраған келіншектің өлімі үлкен дауға айналды. Ош облысы Ноокат ауданында жиырма бір жастағы Айжаныл Аликараева жұмбақ жағдайда көз жұмған еді. Қайғылы оқиға биылғы он тоғызыншы ақпанда тіркелді. Арада төрт ай өткенде марқұмның ата-анасы мәйітті қабірден қайта қазып алуға қол жеткізді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Отбасының мұндай қадамға баруына бірінші сот-медициналық сараптаманың қорытындысы түрткі болған. Онда келіншектің жүкті болмағаны жазылыпты. Марқұмның әпкесі Уулча Орунбаева бұл жалған құжат екеніне толық сенімді. Себебі қайтыс болар алдында Айжаныл өз анасына аяғы ауыр екенін растайтын фото мен бейнежазбалар жіберіп үлгерген.
Мәйітке эксгумация жасау кезінде сұмдық жайт әшкереленді. Анасы қызының жатыры мен бүйрегі орнында жоқ екенін өз көзімен көрген. Қазір ол ішкі ағзалардың қайда кеткенін біле алмай шырылдап отыр.
Күйеуінің туыстары келіншек өзіне қол жұмсады деп ақталуда. Бірақ қыздың жақындары бұл сөзге мүлдем сенбейді. Олар оқиғаға зорлық-зомбылық себеп болуы мүмкін деп есептейді. Төрт ай бойы істің сотқа жетпегеніне қапа болған отбасы әділ тергеуді талап етуде.
Полиция өкілдері бұл жағдайға қатысты қысқаша жауап берді. Тәртіп сақшылары құқықтық баға тек комиссиондық сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін ғана берілетінін мәлімдеді.